9 қазан күні әлем жұртшылығы әдебиет саласындағы ең беделді марапат Нобель сыйлығының иегерінің есімін білмек. Бұл күнді жыл сайын әдебиетсүйер қауым асыға күтеді. Жеңімпаз 11 миллион швед кронын (шамамен 1,2 миллион АҚШ доллары) қалтасына салады, деп жазады Egemen.kz.
Сонымен кімдер бақ сынап жатыр...
Биылғы үміткерлер арасында таныс есімдер көп. Соңғы жылдары Нобель сыйлығының “мәңгілік кандидатына” айналған австралиялық Джералд Мернейн биыл да көш басында. Бұрынғы жылдары бірінші орында тұрған қытай жазушысы Сән Шуенің есімі бұл жолы алғашқы бестікке енбеді. Дегенмен кей сарапшылар дәл биыл оның бағы жануы мүмкін дейді. Ал канадалық Маргарет Этвудтың ықтималдығы төмендегені анық. Австралиялық Алексис Райт пен мексикалық Кристина Ривера Гарсаның үздік үштікке кенет енуі әдеби ортада қызығушылық тудырды. Әдеттегідей, жапон жазушысы Харуки Мураками де басты үміткерлер қатарында. Ал британдық бәс тігушілердің Пол Саймонды тізімге қосуы да жай емес. Айта кетсек, Нобельдің нәтижесі көбіне күтпеген есімдермен таңғалдырады. Өткен жылы оңтүстіккореялық Хан Каң небәрі 33/1 ықтималдықпен жеңімпаз атанған болатын.
Азия мен Еуропа арасындағы әдеби бақталастық
Әдеби сарапшылардың пайымынша, биыл ер жазушының жеңу ықтималдығы жоғары. Себебі өткен жылы Нобель сыйлығын әйел қаламгер иеленді. Одан бұрын тағы әйел жазушы алған. 2024 жылы әдебиет әлемі бірқатар ұлы тұлғалардан айырылды. Албаниялық Исмаил Кадара, жапон ақыны Таникава Сюнтаро, чилилік Антонио Скармеда өмірден өтті. Сондықтан биылғы басымдық көбіне испан және португал тілдерінде жазатын қаламгерлерге ауады деп ойлаймын.
Негізгі үміткерлер кімдер?
• Энрике Вила-Матас (Испания, 1948)
Қазіргі испан әдебиетінің ең беделді өкілдерінің бірі. Қаламгер шынайылық пен қиял арасындағы шекараны айқындап, әдебиеттің өз табиғатын зерттейді. Чили жазушысы Роберто Боланьо оны “Испанияда теңдесі жоқ жазушы” деп атаған. • Антониу Лобу Антунеш (Португалия, 1942) Нобель иегері Жозе Сарамагоның өмірлік “қарсыласы” - осы. Ол Фолкнер стиліндегі күрделі шығармаларымен танымал. 2007 жылы Камойнш сыйлығын алған. Оның шығармалары сана ағымын бейнелейтін поэтикалық прозасымен ерекшеленеді. • Сесар Айра (Аргентина, 1949) Латын Америка әдебиетінің қазіргі классигі. Қысқа да қиялға толы романдары арқылы мәлім. Боланьо оны “заманымыздың ең ұлы испан тілді жазушыларының бірі” деп бағалаған.
Африка мен Лузофон әлемінен үн естіле ме?
• Жозе Эдуарду Агвалуза (Ангола, 1960) Постколониалдық тақырыптарды қозғайды. “Ұмыту туралы жалпы ілім” романы Африка әдебиетінің жаңа бағытындағы маңызды туынды саналады. • Миа Коуту (Мозамбик, 1955) Мозамбик тәуелсіздігі үшін күрес жылдарында елден кетпей, халықпен бірге болған күрескер жазушы. Оның прозасы африкалық дүниетанымды ерекше поэтикалық құрылымымен үйлестіреді.
Аяқ астынан жарқ етер жазушылар есімдері
• Серхио Рамирес Меркадо (Никарагуа, 1942) 2017 жылы Сервантес сыйлығын иеленген. Бұрын саясаткер болған. Оның туындылары Латын Америка әдебиетінің “жарылыстан кейінгі” жаңа бағытын көрсетеді.
Сонымен кім?
Нобель әдебиет сыйлығы ешқашан болжаммен анықталмайды. Бірақ соңғы жылдары комитет мәдени әртүрлілікке, гуманизм мен отаршылдық тақырыбына ерекше мән беріп келеді. Сондықтан 2025 жылы сыйлық:• Бұрын марапатталмаған аймақтан шыққан жазушыға (мысалы, Африка немесе Латын Америкасы);
• Тарих, жады және жеке тұлға мәселелерін көтерген авторға;• Тілі мен формасы жаңашыл, адамзаттық құндылықтарды дәріптеген қаламгерге берілуі мүмкін. Осы өлшемдерге сай Миа Коуту мен Сесар Айра биылғы ең ықтимал үміткерлердің бірі деп ойлаймын. Алайда әдеби эксперимент пен интеллектуалды ізденісті шебер тоғыстырған Энрике Вила-Матас биылғы Нобельге әбден лайық тұлға. Оның «Париждің шет-шегі жоқ», «Монтано» сияқты шығармалары бар.