Америкада білім алып жүргенде жинаған ұлтымыз туралы деректер қоржынын ақтарып, оқырманға ұсынудан жалықпаймыз. Мақсат – қилы кезеңде тарыдай шашылған қазақтың алыстағы деректерін елге жеткізу. Бірде Вашиңтон қаласындағы ескі кітаптар дүкеніне бас сұқтым. Екі қабаттан тұратын дүкен бүкіл әлемнің рухани байлығын бойына жинап алғандай. Сөрелерде әр елдің тарихы мен тағдырынан сыр шертетін кітаптар дестеленіп тұр.
Мен бірден Орталық Азия бөліміне қатысты кітаптарды ақтара бастадым. Кенет қолыма сырты әбден ескірген, парақтары сарғайған сары кітап түсті. Міне, қызық. Кеңес одағының құрылу тарихынан ақпарат беретін бұл еңбекте Мұстафа Шоқайдың суреті жарияланыпты.
Әлем тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірі – Ресей империясының күйреуі мен кеңес одағының құрылуы. Бұл үдерісті америкалық тарихшы Ричард Пайпс жан-жақты зерттепті. Ол Гарвард университетінде ұзақ жыл дәріс оқып, әйгілі Ресей зерттеу орталығын басқарды.
Оның «Кеңес одағының құрылуы: коммунизм және ұлтшылдық, 1917–1923» атты кітабы Ресей империясының күйреуі мен большевиктердің көпұлтты кеңестік мемлекетті қандай жолмен құрғанын баяндайды. Автор Украина, Кавказ, Орталық Азия және Еділ–Орал халықтарының ұлттық ұмтылыстарын коммунистер қалай өз мүддесіне пайдаланып кеткенін нақты көрсетеді.
Бұл зерттеу ХХ ғасыр соңында – кеңес одағы құлап, Қазақстан мен өзге де түркі елдері тәуелсіздікке қол жеткізген шақта ерекше маңызға ие болды. Өйткені Пайпс кеңес одағы үшін «Ахиллестің өкшесі» мұсылман халықтары екенін дәлелдеп берді.
Ричард Пайпс
Автор осы кітабының алғысөзінде былай деп жазады: «Бұл кітап алғаш рет 1948–1953 жылдары жазылған, ол уақыт Сталиннің жеке басқа табынуы шегіне жеткен кез еді және кеңес одағын қалыптастырудағы Сталиннің рөлі жөнінде сенімді ақпарат табу қиын болатын. Сондықтан мен 1921–1923 жылдары – одақтың қағидаттары жасалып, іске асырылған жылдарды – көбіне үзік-үзік әрі сенімсіз деректерге сүйене отырып баяндауға мәжбүр болдым. Кітап жарық көргеннен екі жыл өткен соң кеңес одағы Коммунистік партиясының ХХ съезі өтіп, онда «жеке басқа табынушылық» айыпталды. Көп ұзамай Ресейдің өзінде және одақтас республикаларда төңкеріс, азамат соғысы және одақтың құрылу тарихына қатысты көптеген монографиялар мен құжаттар жинақтары жариялана бастады».
Зерттеу барысында ол Орта Азиядағы ұлттық қозғалыстарға, соның ішінде қазақ даласындағы оқиғаларға ерекше назар аударып, Ресейдің экспансиясын тек Еуропаға ғана емес, мұсылман аймақтарына да бағытталған үдеріс ретінде қарастырды. Автор Орталық Азиядағы халықтардың тілін, мәдениетін, саяси қозғалыстарын арнайы зерттеген. 50-жылдардың соңында Алматыға сапарында қазақтардың 1 мамыр мерекесінде үнсіз, Сталиннің суретін көтеріп жүргенін көрген Пайпс орыс серігіне: «Ал егер қазақтар сіздерге, алжирліктер француздарға айтқандай, «рахмет, енді кете беріңіздер десе не болады?» деген сауал қойған еді. Серігінің «Пусть попробуют» («Көрсін, шамасы келсе») деген менмен жауабы тарихтың шындығын бүркей алмады. Ақыры 1991 жылы Қазақ елі мен Орталық Азия халықтары өз тәуелсіздігіне жетті.
Осы еңбекте автор ұлтымыздың сонау бір қасіретті кезеңі, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы да жазады. «Отарлау салдарынан туған жергілікті халықтың наразылығы мен ашу-ызасы көтерілістің аса қатал әрі ауыр сипат алуына себепші болды. Қазақ-қырғыздар патша өкіметі тұсында әдетте әскери қызметтен босатылатын. Алайда соғыс кезінде Ресей үкіметі қосымша жұмыс күші қажет деп шешіп, 1916 жылғы шілдеде қазақ-қырғыздарды майданның тыл жұмыстарына шақыру туралы жарлық шығарды. Жергілікті халық бұл бұйрықты дала көшпелілеріне қатысты жаңа саясаттың басталуы деп түсініп, қолына қару алды», деп жазады. Бұл дерек бізге түсінікті болғанымен, қазақты білгісі келген шет жұрт үшін ақпарат көзі болмақ. Ғалым осыны айта келе Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты тұлғалардың есімін атап, еңбегін Батыс жұртына таныстырады.
Сол кезеңдегі ұлттық қайраткерлердің Орынборда Жалпықазақ құрылтайын шақыруға бастамашы болуы, Құрылтайдың қарарларында бұрынғы режим тартып алған жерлерді жергілікті халыққа қайтару және 1905 жылдан кейін қоныстанған жаңа келімсектерді қазақ-қырғыз аймақтарынан шығаруды талап етуі хақында жазады.
«1917 жылғы Түркістандағы жергілікті саяси қозғалыс екі бөліктен тұрады: Діни-консервативтік – «Улема жәмияти» (Ulema Cemiyeti; Діндарлар қауымы), жетекшісі – Серәлі Лапин. Олар монархиялық көзқараста болды, басты назарын мұсылман соттарын енгізуге және Түркістанда шариғат заңдарын орнатуға аударды. Зайырлы-либералдық – жәдидшіл қозғалыс өкілдері: Мүнәууар Қари мен Мұстафа Шоқай. Олар Түркістандағы мұсылман өмірін батыс үлгісінде жаңғыртуды және жергілікті халықтың елдің саяси өміріне белсене қатысуын қалады. Алғашында бұл екі топ бір-біріне қарсы болды, бірақ жыл соңына қарай орыстардың жергілікті халықтың саяси мүдделеріне қарсы тұруы күшейген кезде олар бірікті».
Пайпстың айтуынша, 1917 жылы Түркістандағы мұсылман қозғалысына либерал мұсылмандар жетекшілік етіп, олар сәуір айының басында Түркістан мұсылмандарының съезін шақыруға бастамашы болды. Съезд қаулысында Ресейде федеративтік жүйе енгізу және жергілікті халықтан тартып алынған барлық жерлерді қайтару талап етілген. Сондай-ақ Түркістан мұсылман орталық кеңесі – Шура-и Исламия құрылды, оның төрағасы Мұстафа Шоқай болған. Бұл кеңес аз уақыттың ішінде Түркістанның әр аймағында облыстық ұйымдар құрып, жергілікті халықтың саяси іс-әрекеттерін орталықтандыруға ұмтылды. Бұл ұйым мамырда өткен Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысып, Алашордамен байланыс орнатты. Бірақ Түркістандағы мұсылман ұйымдары мен дала аймақтарындағы ұйымдар төңкеріс пен азамат соғысы кезеңінде бір-бірінен тәуелсіз дамыған. Осы жерде автор маңыз беріп, мына бір деректі өз оқырманына ұсынады. «Түрксовнарком мұсылмандар мен кеңестер арасындағы күннен-күнге ұлғайып келе жатқан алшақтықты жоюдың соңғы амалы ретінде Мұстафа Шоқайға Түркістан кеңестік үкіметінің төрағалығын ұсынғаны айтылады. Алайда Шоқай мұның өзі оны қызылдардың қол астына берумен бірдей деп есептеп, бас тартты».
Пайпстың аталған еңбегінде Мұстафа Шоқай есімі де ерекше орын алады. Оның Түркістан мұсылмандарының саяси ұйымдарын біріктіріп, Алаш қозғалысымен байланыс орнатқаны, Қоқан автономиясының жетекшілерінің бірі болғаны анық айтылады.
Міне, осы тарихи еңбекте Мұстафа Шоқайдың АҚШ-та сақталған беймәлім суреті де берілген. Оның қасында әзербайжан халқының азаматтық қозғалыс жетекшісі Мехмед Емин Ресул-заде, қырым татарларының ХХ ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалысы көшбасшылары Джафер Сейдахмет пен Челибиджан Челибиев және башқұрт халқының ірі саяси қайраткері Зәки Уәлидидің суреттері қоса берілген.
Бұл сурет – ұлт-азаттығы жолында күрескен қайраткердің мұрасын жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді. Мұстафа Шоқайдың есімі – тәуелсіз Қазақстан үшін асқақ рух пен азаттықтың рәмізі. Оның тұлғасын Ричард Пайпс сияқты әлемдік деңгейдегі тарихшылардың еңбегінен көру – біз үшін зор мақтаныш.