Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жасанды интеллектінің маңызына айрықша тоқталды. «Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет», дей келе Президент стартап жобаларға басымдық беріп, оған ерекше қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Қазір технологиялық стартаптар айтарлықтай серпіліс жасап, нарықтағы өз орнын қалыптастырып жатыр.
Жасанды интеллект негізінде жасалған түрлі стартап жобалар «Digital Bridge – 2025» форумы аясында таныстырылды. Жиын барысында IT әлемдегі ең ірі стартап-додаларының бірі – Astana Hub Battle ұйымдастырылды.
Жартылай финалға бәсекеге қабілетті 79 жоба өтті, олардың ішінен 14 үздік стартап финалдық кезеңге іріктелді. Атап айтсақ, eXpace Technology, Hemo.Labs, Yaya, MoonAI, flection.ai, Cyberpack.AI, OpenSpot, Mirai Tech, Oina AI, Aigineer, NeuroGuard AI, MacDent, MindShield және WeGlobal AI сынды стартаптар үздіктер қатарынан көрінді. Сонымен қатар финалға AI Sana Generative Pitch байқауында жеңіске жеткен TrustExam AI да қосылды.
– Аstana Hub Battle өзінің өңірдегі IT-кәсіпкерлер үшін басты алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бүгінде Орталық Еуразияның стартаптары жасанды интеллект, медицина, білім беру, қаржы технологиялары және басқа да салаларда бәсекеге қабілетті шешімдер ұсынып отыр. Мұндай бастамалар білім экономикасын қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, саланың дамуына тың серпін береді. Біз үшін кәсіпкерлерді қолдау ғана емес, жастардың технологияға деген қызығушылығын арттыру да аса маңызды. Себебі болашаққа бастайтын ең үлкен мүмкіндіктер осы IT мен AI саласында жатыр, – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
Astana Hub Battle 2025 жеңімпаздары жеті аталым бойынша анықталды.
Best Social Impact аталымында жасанды интеллектіні мектеп оқушыларының кәсіби бағдарын анықтауға және психологиялық қолдау көрсетуге пайдаланатын WeGlobal.AI жеңіске жетті. Жүлдені inDrive негізін қалаушысы әрі бас директоры Арсен Томский табыс етті.
Discovery of the Year аталымында Паркинсон ауруын ерте кезеңде анықтауға арналған мобильді қосымша мен білезік жасап шығарған MindShield үздік деп танылды. Марапатты Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев тапсырды.
Exponential Growth аталымының жеңімпазы – мемлекеттік органдарға, университеттерге, емтихан орталықтарына академиялық адалдықты арттыруға және көшіру фактілерімен күресуге көмектесетін TrustExam AI стартабы. Жүлдені Telegram негізін қалаушы әрі бас директоры Павел Дуров табыстады.
Ticket to the Future (Astana Hub Ventures-тен SAFE) аталымында шағын және орта бизнес үшін жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін операциялық жүйе ұсынатын «Moon.AI стартабы» жеңімпаз атанды. Жүлдені Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев тапсырды.
MA7 Award (MA7 Ventures атынан) аталымында «Mirai Tech» топ жарды. Компания жасанды интеллект пен автономды қуаттандыруға негізделген спорт пен реабилитацияға арналған тозбайтын сенсорлар әзірлеуде. Жүлдені MA7 Ventures негізін қалаушысы Мұрат Абдрахманов тапсырды.
«Қазақтелеком» АҚ арнайы грант ретінде құны 25 000 долларға тең GPU-ресурстарды ұсынды. Оны стоматологиялық клиникалар мен медицина орталықтарына арналған бұлтты ERP/CRM платформа ұсынатын MacDent жеңіп алды. Жүлдені «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин тапсырды.
Сонымен қатар Yandex Qazaqstan Startup Spotlight Award арнайы марапаты flection.ai стартабына берілді. Бұл жоба – инсульттан кейінгі оңалтуды жасанды интеллектіге негізделген ойындар арқылы жеңілдететін веб-платформа. Жүлдені «Yandex Cloud» компаниясының Қазақстан және Орталық Азиядағы маркетинг бойынша директоры Жанар Махамбетова тапсырды.
«Digital Bridge – 2025» халықаралық форумындағы Astana Hub Battle финалы барысында отандық cyberpack.AI стартабы күтпеген қолдауға ие болды. Telegram негізін қалаушы Павел Дуров жобаға 25 мың долларды сыйға тартты.
Cyberpack.AI – мобильді қосымша, веб-платформа және балаларға арналған ғылым, технология, инженерия, өнер мен математика бағытындағы (STEAM-жинақтар) оқу конструкторларын біріктірген отандық стартап. Жоба мұғалімдерге арналған веб-платформаны, әдістемелік бағдарламаны, педагогтерді даярлау жүйесін және жарыстарды да қамтиды. Мұндай тәсіл 7–18 жас аралығындағы оқушыларға ғылыми жобалар жасауға, олимпиадаларға дайындалуға, инженерлік ойлауын дамытуға және техникалық ЖОО-ларға түсу мен болашақ мансапқа қажет ғылыми портфолио қалыптастыруға ықпал етеді.
Бір жыл ішінде Cyberpack.AI өз өнімін Қазақстан мен Әзербайжандағы 70 мектепке енгізді. Бұдан бөлек, халықаралық ICRC жарысын іске қосты және еліміздің өңірлеріндегі мемлекеттік мектептермен серіктестікті белсенді түрде кеңейтіп келеді. Стартап Astana Hub-тың Startup Garage инкубациялық бағдарламасынан өтіп, жобаны енгізген мектеп санын 10 есе арттырды, халықаралық нарыққа шықты және масштабтауға арналған жүйелі үдерістерді жолға қойды.