• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қаржы Бүгін, 11:40

Қазақстандықтар мемлекеттен 1,5 миллион теңге ала алады

100 рет
көрсетілді

20 қазаннан бастап Қазақстанда жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттарға өтінім қабылдау басталады. Гранттың көлемі 1,5 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды Egemen.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның тоғыз өңірінде 270 грант беріледі: Абай және Ұлытау облыстарында, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында.

«Гранттың мөлшері 400 АЕК (2025 жылы – 1 572 800 теңге). Әр қатысушы грантты тек бір рет ала алады. Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі және оның мақсаты – жаңа бизнесті бастау мен дамыту», делінген министрлік хабарламасында.

Өтінім беру үшін:

business.enbek.kz порталына тіркелу қажет;

Грант алу шарттарына сәйкестігін тексеруден өту керек;

Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, толтырып, порталға жүктеу қажет;

Өтінім формасын толтырып, ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділігі жоқ адамдар өтінімді жұмысқа орналастыру орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) бере алады.

Грант алуға үміткер бола алады:

Жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар;

Жеке кәсіпкерлер (тіркелген мерзімі 3 жылдан аспаған).

Сонымен қатар үміткер келесі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы тиіс:

мүгедектігі бар адамдар;

«қандас» мәртебесі бар тұлғалар;

өңіраралық қоныс аударушылар;

аз қамтылған отбасылардың мүшелері;

көп балалы отбасылардың мүшелері (жұбайы/зайыбы);

мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-ана (жұбайы/зайыбы);

асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы алушылар.

Сондай-ақ үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курсын бітіргені туралы 3 жылдан аспаған мерзімдегі сертификаты болуы қажет.

Грант қаражаты мына мақсаттарға жұмсалуы мүмкін:

Ғимарат немесе бөлме жалдау ақысы;

Қажетті құрал-жабдықтар мен саймандарды сатып алу;

Технологиялық жабдықтар алу;

Мал, құс және жануарлар сатып алу;

Көшеттер, бұталар, тұқымдар, рассада алу.

Грант мына мақсаттарға берілмейді:

Тұтынушылық мақсаттарға;

Несиені өтеуге;

Тұрғын үй сатып алу немесе салуға;

Жер учаскелерін алуға;

Акцизделетін өнімдер өндіруге.

Гранттар еңбек мобильдігі орталықтары арқылы, аудандық немесе қалалық комиссияның шешімі негізінде беріледі.

«Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Комиссия мүшелері бизнес-жоспарды келесі критерийлер бойынша бағалайды: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарығын талдау деңгейі, қаржылық тұрақтылық, кәсіпкерлік қабілеттер және жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі. Осылайша грант беру туралы шешім комиссиялық негізде және айқын бағалау өлшемдері бойынша қабылданады», делінген министрлік түсіндірмесінде.

Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Егер шешім оң болса, үміткер банк деректерін ұсынады, шартқа қол қояды және әрі қарай қаражаттың жұмсалуы туралы тоқсан сайын есеп тапсырады.

Барлық рәсімдер электронды форматта, еңбек мобильдігі орталықтарына барусыз жүзеге асырылады.