Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі, деп жазады Egemen.kz.
Президент Қазақстан бастамашы болған ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасы бойынша жұмыстар аяқтала келгенін атап өтті.
Президент белсенді жұмыс істейтін көлік дәліздері табысты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кепілі екенін атап өтті. Біздің аймақ Еуропа мен Азияны жалғап, жаһандық көлік-логистика жүйесінде ерекше рөл атқарып келеді.
«Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі ТМД мемлекеттері үшін Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» бастамасы мен Транскаспий бағдары Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасымен ұштасып, ТМД аумағын Еуразиядағы тоғыз жолдың торабына айналдырады. Өңіріміздің транзиттік мүмкіндіктерін жақында ғана Қазақстан аумағында іске қосылған «Достық – Мойынты» теміржол желісі күшейте түседі. Ол ТрансҚазақстан теміржол дәлізін қалыптастырудың негізін қалайды. Бірақ мемлекеттеріміздің көлік саласындағы әлеуетін толық ашу үшін біздің алдымызда заманауи инфрақұрылым қалыптастыру міндеті тұр. Достастықтың бірыңғай цифрлық көлік-логистика картасын әзірлеуді ұсынамын. Бұл ұлттық инфрақұрылымдық жоспарларды біріктіруге және көлік байланыстарының тұтас кеңістігін жасақтауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде ол инвестиция көлемін арттыруға жағдай жасайды. Бүгінде Қазақстан бастамашы болған ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасы бойынша жұмыстар аяқталып келеді. Жүк ағынын тиімді басқару, шығындарды төмендету және тәуекелдерді азайту үшін бұл құжатты жасанды интеллект технологияларын енгізуді көздейтін ережелермен толықтыру қажет», деді Мемлекет басшысы. Президент өз сөзінде климаттық және техногендік төтенше жағдайларды болжаудың өңірлік орталығын құру арқылы бірлесе жұмыс істеуді ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект мемлекеттердің орнықты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторына айналғанына мән берді. Қазақстан мемлекеттік басқару, әлеуметтік сала мен азаматтардың тұрмыс-тіршілігін қамтитын цифрлық күн тәртібін жедел ілгерілетіп келеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды, Цифрлық кодекс бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ аталған саладағы барлық бастама мен жобаны ұлттық стратегияға біріктіретін Цифрлық Қазақстан тұжырымдамалық құжаты әзірленуде. Президент еліміз ТМД мемлекеттерімен осы саладағы ынтымақтастыққа ашық екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы жуырда елімізде жасанды интеллект саласына маманданған университет құру жөнінде шешім қабылданғанына тоқталды. Бұдан бөлек, 400 мың студентті қамтып, зерттеушілер командасы мен DeepTech стартаптарының қалыптасуына қолайлы жағдай жасайтын мемлекеттік бағдарлама табысты жүзеге асырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы жобаны кеңінен таратуды ұсынып, жаһандық нарықтағы қатаң бәсеке жағдайында жұмыс істеуге қабілетті мамандардың жаңа буынын даярлау мақсатында Қазақстанның Достастық елдерімен ынтымақтастық орнатуға әзір екенін жеткізді. Мемлекет басшысы экологиялық қауіп, табиғи және техногендік апаттар ТМД елдерінің орнықты дамуына зор қатер төндіреді деп санайды. Президенттің айтуынша, мұндай жағдайларды ерте бастан анықтаудың және ескертудің тиімді тетіктерін қарастыру маңызды міндет. «Климаттық және техногендік төтенше жағдайларды болжаудың өңірлік орталығын құру арқылы бірлесе жұмыс істеуді ұсынамыз. Каспий теңізінің тез тартылып бара жатқаны зор алаңдаушылық туғызып отыр. Негізі, бұл – өңірлік қана емес, жаһандық проблема. Сондықтан біздің бастамамызбен әзірленіп жатқан Каспийдің су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарламаға қосылуды ұсынамыз. Мұндай маңызды құжатты дайындауға Каспий теңізінің жағалауындағы елдермен бірге барлық мүдделі мемлекеттер және халықаралық ұйымдар тартылуға тиіс», деді Президент.