Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген Нью-Йоркте осымен екінші рет жеке концертін берді. Әлем таныған Алаш баласы бұл жолы Майкл Джексон, Элвис Пресли, Бейонсе, Андреа Бочелли және «Битлз» өнер көрсеткен Madison Square Garden аренасында 20 мыңға жуық көрерменді аузына қаратты, жанкүйерлері қазақ әндерінің қайырмасын қоса шырқады.
Нью-Йорктегі концерт 2022 жылы Алматыда басталған үлкен турдың бір бөлігіне айналғанымен де ерекшеленді. «Бұл менің жеке жұлдызды сәтім ғана емес, бүкіл Еуразиялық мәдениет үшін маңызды кезең. Біз планетаның арғы жағындағы мәдени елшілер ретінде әрекет етеміз», депті Димаш жергілікті баспасөзге берген сұхбатында.
Концертте қазақ әндерімен қатар, әлемге танымал композициялар орындалды. Stranger әнінде қазақ қобызы мен Хаузердің виолончель партиясы құлаққа ұрды. Бұл шығарма алғаш рет 2022 жылдың қыркүйегінде Алматыда өткен «Stranger» турының ашылу концертінде шырқалып, Димаштың тұрақты репертуарына енген.
Бұдан кейін әнші концертін Мексикада жалғастырды. Латын Америкасындағы тұңғыш кешінде – Мехико қаласының әйгілі концерт залы «Auditorio Nacional» сахнасында бос орын болған жоқ.
Концерт басталмай жатып зал дәліздерінде мексикалық тыңдармандар Димаш есімін ұран етіп, керемет көңіл күйде күтіп алды. Әнші сахнаға «жалынды» бейнеде шығып, шоу «Golden» және «Smoke» әндерімен басталды. Толассыз қошеметтен кейін ол қазақ, ағылшын және испан тілдерінде жылы сәлем жолдады:
«Қайырлы кеш, Мексика! Сіздердің алдарыңызда өнер көрсету – мен үшін арман болатын. Сіздердің шексіз сүйіспеншіліктеріңіз бен энергияларыңыз үшін алғысым шексіз. Сіздер мені өз үйімде жүргендей сезіндірдіңіздер. Бүгінгі кеште әрбіріңіз сиқырға толы жұмбақ сезімге бөленетін боласыздар», деді.
Көрермендер әрбір ән сайын әсерге бөленді десе болғандай. Димаш бұл кеште де ерекше шабытқа енді. Ол көрерменге жиі қол бұлғап, алғыс білдіріп отырды. Концерт барысында залды әнші даусының құдіреті кернеп, жұрт Димаштың әр қимылын қайталап кеткені байқалады. «Give Me Your Love», «Be With Me», «Тау Ішінде», «Weekend», «Living For The Game» әндерін орындағанда көрермендер бірге билеп, «Ұмытылмас Күн», «Fire», «When I’ve Got You» сияқты күрделі шығармаларды әншімен бірге шырқады.
Ал қазақтың ұлттық аспаптары – домбыра, сыбызғы және қобыз үні «Адай», «Дүрдараз», «Stranger» және жаңа туындысы «Самғау» композицияларында ерекше үйлесе кетті.
Концерт соңында Димаш көрермендеріне жүрекжарды алғысын білдірді.