• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Президент Бүгін, 09:00

ТМД елдерінің экономикалық өсімін қамтамасыз ететін тың мүмкіндіктер қарастыру маңызды

10 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанның Душанбе қаласында өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысып, сөз сөйледі.

Жиынға қатысушыларға ілтипат білдірген Қасым-Жомарт Тоқаев қонақ­жайлық танытып, саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырған тәжік тарапы мен Президент Эмомали Рахмонға алғыс айтты.

– Тәжікстанның табысты төрағалығы Ұйымның әлеуетін нығайтуға, көпжос­парлы ынтымақтастығымызды терең­детуге үлкен үлес қосты. Бұл саммит Қазақ­станда халықаралық беделді ұйым саналатын ТМД жұмысына үлкен серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтіп жатқанын еске салды.

– Барлық мемлекеттің дамуына жол ашатын жалпыадамзаттық құнды­лық­тар­ды ауыр жағдайда қорғаған әке­лері­міз бен аналарымыздың, же­ңімпаз ұрпақ­тың өшпес ерлігін қазақстандық­тар қастер тұтады. ТМД аумағында, соның ішінде Қазақстанда айтулы мерей­той лайықты деңгейде аталып өтті. Мереке­лік іс-шаралардың шырқау шегі Мәскеу мен Бейжіңде өткен ауқымды әрі маз­мұнды салтанатты шерулер болды. Адам­зат тарихындағы ең қанқұйлы соғыс­тың қаһармандары мен барша қатысу­шысын жадымызда мәңгі сақтау – мораль­дық парызымыз. Фашизмді жермен-жексен еткен Ұлы Жеңіске 80 жыл толса да, өкінішке қарай, әлем салдары ауыр тиетін жаһандық қақтығыс қаупі­мен тағы да бетпе-бет келіп отыр. Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыс­тың тарихи шындығын бұрмалауға, фашизм­ді тойтарған Ұлы Жеңістің тари­хи маңызын төмендетуге қатысты әре­кеттерге қарсы. Халықаралық құқық­­­тың іргесі сөгіле бастағанын, қақ­ты­­­ғыс­қан мемлекеттер арасындағы сенім деңгейі әбден төмендегенін, көз­қарас­­тар қайшылығы күшейе түске­нін, көп­­жақты дипломатияның дағда­рысқа ұшы­­­рағанын, Біріккен Ұлт­тар Ұйымы­­ның бітім­герлік әлеуеті әлсі­регенін алаң­­даушылықпен қабыл­дай­мыз. Осын­­дай геосаяси дүрбелеңдер жағ­­д­а­йын­­да барлық қақты­ғыс факторын жою үшін ТМД елдері мен барша жақтас­тары­мыздың күш біріктіруі өте өзекті. Мұны өзара түсі­ністік пен жан-жақ­ты ойлас­ты­рылған іс-қимыл арқылы шешу­ге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, ТМД жаңа тарихи жағдайда мемлекеттер арасындағы сенімді арттырудың халықаралық тетігі ретінде сұранысқа ие құрылым екенін дәлелдеді.

Достастықтың 35 жылдығы қар­саңында Мемлекет басшысы елдер арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытуға және Ұйым қызметін ілгері­летуге бағытталған бірқатар ұсынысын ортаға салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-эконо­микалық байланыстарды жандандыру негізгі басымдықтардың бірі болып қалуға тиіс екенін айтты.

– Өткен жылдың қорытындысы бо­йынша ТМД елдері сауда айналымы­ның жалпы көлемі 8 пайыз ұлғайып, 110 млрд долларға жетті. Сонымен қатар кейінгі бес жылда Қазақстанның Достастық мемлекеттерімен алыс-берісі бір жарым есе өсіп, 38 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткіш Ұйымның сауда-экономикалық әлеуетін танытады және әлі де мүмкіндіктердің бар екенін байқатады. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға қажетті институттық және құқықтық базамыз бар. Өзара тиімді талаптарға сай қызмет көрсету нарықтарына тікелей әрі кедергісіз қолжетімділікті кеңейтуге, бірлескен өндірістерді іске қосуға, негізгі салалардағы кооперациялық байла­ныс­тарды күшейтуге баса мән беру керек деп санаймыз. Инвестиция тарту, көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдалану, цифрлық шешімдер енгізу және өңірлердің тең дәрежелі байланыс­­тарын дамыту басымдықтардың қатарын­да болуға тиіс. ТМД-ға қатысушы мем­лекеттердің экономикалық өсімін қамтамасыз етудің тың мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынамыз. Мұны келесі жылы сәуір айында БҰҰ аясында Астанада өтетін халықаралық форум алаңында ұйымдастыруға болады. Жиын қауіпсіздік пен дамудың қазіргі сын-қатерлерінің себеп-салдарын зерделеуге арналады. Осылайша, ТМД-ның жетекші сарапшылары қазіргі уақыттың қиын проблемаларын шешуге үлес қоса алар еді. 2026 жылы Қазақ­стан Еуразиялық экономикалық одақ органы­на төрағалық етеді. Еліміздің төрағал­ығы аясында бірқатар маңызды іс-шара жоспарланған, соның ішін­де Еура­зия­лық экономикалық форум ұйымдас­тырылмақ. Орайлы сәтті пайдаланып, құрметті әріптестерімді, сондай-ақ ТМД елдері үкіметтерінің мүшелері мен бизнес өкілдерін форум жұмысына белсенді қатысуға шақырамын. Аталған алаңда елдері­мізге қатысты ортақ мәселелер қарас­тырылатынын ескере отырып, оған ЕАЭО мен ТМД-ның бірлескен іс-шара­сы мәртебесін беруді қарастыруды ұсына­мын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент белсенді жұмыс істейтін көлік дәліздері табысты сауда-экономи­калық ынтымақтастықтың кепілі екенін атап өтті. Біздің аймақ Еуропа мен Азия­ны жалғап, жаһандық көлік-логистика жүйесінде ерекше рөл атқарып келеді.

– «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі ТМД мемлекеттері үшін Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» бастамасы мен Транскаспий бағдары Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мега жобасымен ұштасып, ТМД аумағын Еуразиядағы тоғыз жолдың торабына айналдырады. Өңіріміздің транзиттік мүмкіндіктерін жақында ғана Қазақстан аумағында іске қосылған «Достық – Мойынты» теміржол желісі күшейте түседі. Ол ТрансҚазақстан теміржол дәлі­зін қалыптастырудың негізін қалай­ды. Бірақ мемлекеттеріміздің көлік сала­сындағы әлеуетін толық ашу үшін біздің алдымызда заманауи инфрақұрылым қалыптастыру міндеті тұр. Достастықтың бірыңғай цифрлық көлік-логистика картасын әзірлеуді ұсынамын. Бұл ұлттық инфрақұрылымдық жоспарларды біріктіруге және көлік байланыстарының тұтас кеңістігін жасақтауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде ол инвестиция көле­мін арттыруға жағдай жасайды. Бүгінде Қазақстан бастамашы болған ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқы­лы өтетін күре жолдарды өзара ұштас­тыру тұжырымдамасы бойынша жұмыс­тар аяқталып келеді. Жүк ағынын тиім­ді басқару, шығындарды төмендету және тәуекелдерді азайту үшін бұл құжат­ты жасанды интеллект технология­ларын енгізуді көздейтін ережелермен то­лық­тыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект мемлекет­тердің орнықты дамуы мен бәсекеге қабі­леттілігінің негізгі факторына айнал­ғанына мән берді. Қазақстан мемлекеттік басқару, әлеуметтік сала мен азаматтардың тұрмыс-тіршілігін қамтитын цифрлық күн тәртібін жедел ілгерілетіп келеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды, Цифрлық кодекс бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ аталған саладағы барлық бастама мен жобаны ұлттық стратегияға біріктіретін Цифрлық Қазақстан тұжырымдамалық құжаты әзірленуде. Президент еліміз ТМД мемлекеттерімен осы саладағы ын­ты­мақтастыққа ашық екенін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы жуырда елі­мізде жасанды интеллект саласына маманданған университет құру жөнінде шешім қабылданғанына тоқталды. Бұдан бөлек, 400 мың студентті қамтып, зерттеушілер командасы мен DeepTech стартаптарының қалыптасуына қолай­лы жағдай жасайтын мемлекеттік бағдарлама табысты жүзеге асырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы жобаны кеңінен таратуды ұсынып, жаһандық нарықтағы қатаң бәсеке жағдайында жұмыс істеуге қабілетті мамандардың жаңа буынын даярлау мақсатында Қазақ­станның Достастық елдерімен ынтымақ­тастық орнатуға әзір екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы экологиялық қауіп, табиғи және техногендік апаттар ТМД елдерінің орнықты дамуына зор қатер төндіреді деп санайды. Президенттің айтуынша, мұндай жағ­дайларды ерте бас­тан анықтаудың және ескертудің тиімді тетіктерін қарастыру – маңызды міндет.

– Климаттық және техногендік төтенше жағдайларды болжаудың өңірлік орталығын құру арқылы бірлесе жұмыс істеуді ұсынамыз. Каспий теңізінің тез тартылып бара жатқаны зор алаңдаушылық туғызып отыр. Негізі, бұл – өңірлік қана емес, жаһандық проблема. Сондықтан біздің бастамамызбен әзірленіп жатқан Каспийдің су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарламаға қосылуды ұсынамыз. Мұндай маңызды құжатты дайындауға Каспий теңізінің жағалауындағы елдермен бірге барлық мүдделі мемлекеттер және халықаралық ұйымдар тартылуға тиіс, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық қатынастар елдерімізді біріктіретін негізгі фактор екеніне назар аударды. Президент дәстүр мен инновацияны, тарихи мұра мен заманауи технологияны сабақтастыратын креативті индустрияны дамытудың болашағы зор деп есептейді.

– Қазақстан осы саланы дамыту бағы­тында жұмыс атқарып жатыр. Бүгінде креативті секторымыздағы қосыл­ған құн 2 млрд доллардан асады. Бұл индустрияда 143 мың адам жұмыс істей­ді. Креативті индустрия экономикамыз­ға оң ықпал етуде. Ең маңыздысы, ол мәдени дипломатияның, елдеріміз арасындағы достық пен тату көршілікті нығайтудың тиімді тетігіне айналды. ТМД елдерінің бұл бағыттағы әлеуеті зор. ТМД-ның гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қоры базасында Креативті индустрия қауым­дастығын құруды ұсынамын. Оның бас­ты мақсаты жас таланттарды қолдау, бірлескен жобаларды іске асыру, креативті экономиканың экожүйесін қалыптастыру болуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ТМД-ның әлемдік аренадағы абырой-беделін нығайтудың маңызына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Достастықтың халықаралық байланыс­тарын жандандыруды дәйекті түрде қолдайды.

– Естеріңізде болса, 2023 жылы Қазақстан Республикасының ұсынысы бойынша ТМД-ның Байқаушылары мен Серіктесі институты бекітілді. Бұл бастаманың алғашқы нәтижелері байқала бастағанын ризашылықпен атап өткім келеді. Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымына Байқаушы мәртебесін беру туралы шешім қабылдаймыз. Бұл оқиға Еуразияның аймақтық құрылымдар ықпалдастығы тарихының жаңа парағын ашады. Бұдан бөлек, Мәскеудегі саммитте Қазақстан ұсынған «ТМД плюс» форматында қарым-қатынас орнатуды қолдаймыз. Аталған қадам ТМД-ның халықаралық аренадағы рөлін нығайта түседі, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңестің келесі жылы Ұйымға Түрікменстанның төрағалық ету жөніндегі шешіміне қолдау білдірді.

– Түрікменстан Президенті Сердар Гурбангулыевич Бердімұхамедовті осы маңызды әрі құрметті миссияны қолға алуымен құттықтаймын. Мақсатымыз ортақ – Достастықты жасампаздық пен өрлеудің, жаңа идеялар мен мүмкіндіктердің кеңістігіне айналдыру. Бірлескен күш-жігер арқылы ТМД-ны қарқынды, тиімді әрі болашаққа нық қадам басқан халықаралық ұйым ретінде нығайта алатынымызға сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Отырыста Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Әзербайжан Прези­денті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев сөз сөйледі.