• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 10:34

Нұрғиса Тілендиевтің туған ауылында еңселі стэлла орнатылды

20 рет
көрсетілді

Ұлт руханиятының ұлы тұлғасы, Халық қаһарманы, әйгілі композитор, күйші әрі дирижер Нұрғиса Тілендиевтің кіндікқаны тамған ауылында демеушілердің қолдауымен еңселі стэлла бой көтерді. Архитектуралық тұрғыдан ерекше пішінге ие бұл ескерткіште қазақтың қасиетті домбырасы мен сұлулықтың символы саналатын қос аққу бейнеленген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Стэлланың салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев қатысып, ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады. Шараға сондай-ақ ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов, Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов және ауыл тұрғындары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Біз ұлы тұлғалардың еңбегін дәріптей отырып, ұрпағымызды өнерге, білімге, елдікке тәрбиелейміз. Шоқтығы биік композитордың мұрасы халқымыздың жүрегінде мәңгілік сақталып, ұрпаққа мұра болып жалғаса беретін болады»,  – деген Ұлықбек Есдәулет стэлланың бой көтеруіне атсалысқан атымтай жомарт жандарға алғысын білдірді.   

Күй қалықтаған іс-шара соңында стэлла орнатылған алаңға ағаш көшеттері отырғызды.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай ескерткіш пен мәдениет үйі ашылған болатын. Сондай-ақ өңірдің өнерпаздары мен қолөнер шеберлері ұлы композитордың мерейтойына арналған іс-шаралар аясында Пекин, Бішкек және Мәскеу қалаларында Қазақстан мәдениетін жоғары деңгейде таныстырды.

Жалпы, Нұрғиса Тілендиевтің ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан 100 жылдық мерейтойы аясында жыл басынан бері республикалық және халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.

Алматы облысы.