Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы - экологиялық мәдениетті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыруға ұлытаулықтар да үлес қосып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ұлытау өңірінде жалпы облыстық ағаш отырғызу акциясы өтті.
Тазалық шарасында өңірді көгалдандыруға басымдық беріліп, «Бүкілқазақстандық ағаш егу күні» ұйымдастырылды. Акция барысында облыс аумағында 3000-нан аса ағаш көшеті отырғызылды. Бұл бастама өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, табиғатты қорғауға және жасыл желектерді көбейтуге бағытталған.
Көшеттерді отырғызуға мемлекеттік органдар мен мекемелердің өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен жастар жұмылдырылды. Жезқазған қаласындағы «Наурыз» саябағындағы аллея жаңа көшеттермен толықты.
Облысқа қарасты барлық елді мекенде тал егу мен тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Акцияға 5500 адам мен 1085 ұжым қатысты.
Ұйымдастырушылар мен қатысушылар бұл шараның қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруда және жас ұрпаққа экологиялық тәрбие беруде маңызы зор екенін атап өтті.
Ұлытау облысы