Алматыда полицейлер есірткі сату және таратумен айналысқан үш қылмыстық топты құрықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Биылғы жылдың тоғыз айында Алматы полициясының бөлімшелері 500-ден астам есірткі қылмысын анықтап, 525 келіден астам есірткі, оның ішінде 52 келі синтетикалық есірткі және 3 тоннадан астам БК-4 прекурсорлары тәркіленді. Қылмыстық іс-әрекет арқылы мемлекет пайдасына жалпы сомасы 255 миллион теңгеден астам ақша мен мүлік алынған», деді Алматы қалалық ІІД бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатов.
Сонымен қатар екі есірткі зертханасының қызметі тоқтатылып, есірткі сатумен және таратумен айналысқан үш қылмыстық топ жойылған.
Полиция қызметкерлері заманауи цифрлық технологияларды белсенді түрде қолданады. Ұлттық банк және Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп жүргізілген жұмыс нәтижесінде биыл есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 1500 отандық және 5000-нан астам шетелдік банк картасы, сондай-ақ 312 криптовалюта әмияндары анықталып, бұғатталған.
Жалпы сомасы 68 миллион теңгені құрайтын күдікті банк операциялары тоқтатылып, есірткі тарату үшін пайдаланылған 2200 интернет-ресурс бұғатталды. Оның 27-сі Telegram арнасы.