• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:43

Жанармай қоры жеткілікті ме?

40 рет
көрсетілді

Еліміздегі ең байырғы кәсіпорын – Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарланған алдын алу жұмысы басталды. Бұл Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес 25 қазанға дейін жалғасады.

«Атырау мұнай өңдеу за­уыты» ЖШС баспасөз қызме­тінің мәлі­метіне сүйенсек, осы кезең­де зауыт­тағы қысыммен жұмыс істейтін 1 174 ыдыс пен аппаратқа, 46 пешке, технологиялық 1 458 құ­быр желісіне міндетті техникалық куәлан­дырулар мен сараптамалар жүргізу көзделген. Сондай-ақ түрлі қондырғыда 316 тоннадан астам катализатор ауыстырылады. Ең күрделі әрі негізгі операция – баяу кокстеу қондырғысының реакторларындағы конусты түптерді ауыстыру. Бұл үшін зауыт аумағында жүк көтергіштігі 750 тонналық 2 бірегей кран орнатылған. Реакторларда жабдық сенімділігін арттыру үшін инновациялық болжам­ды диагностика жүйесі іске қосылады.

«Бұл жабдықтардың сенімділігін, технологиялық үдерістердің тұрақ­тылығын қамтамасыз етуге, өнді­рістің тиімділігін арттыруға бағыт­талып отыр. Жоспарланған алдын алу жұмысын 1 880 маман атқарады. Жұмысты сапалы атқару үшін 62 ар­найы техника тартылады. Осы кезең­де зауыт жабдықтарына міндет­ті техникалық куәландыру мен сараптамалар жүргізіледі. Жөндеу кезінде еңбекті қорғау, өнеркәсіп және өрт қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді», деп хабарлады кәсіп­орынның баспасөз қызметі.

Осы кезеңде мұнай өнімдерін жөнелтуді тоқтатпау үшін Энергетика министрлігімен келісілген кестеге сәйкес отын қоры жинақталып­ты. Қазір зауыттың резервуарлық паркінде 37 мың тонна жанармай, 30 мың тонна дизель отыны, 6,8 мың тонна авиаотын бар. Бұл қор еліміздің батыс өңірлеріне мұнай өнімдерінің бір­келкі әрі уақтылы жөнелтуін қам­та­­масыз етеді.

Зауытта жыл басынан бергі 8 айда жеңіл мұнай өнімдері өндірісінің үлесі 77,5%-ды құрады. Ал өңдеу тереңдігі – 88,6%. Дизель отынының (+15%) және авиаотынның (+13%) өндіріс жоспары артығымен орындалыпты. Нәтижесінде, кәсіпорын бюджетке 129 млрд теңге аударып, жос­парлы көрсеткіштен 24 млрд теңгеге артық түсім жіберді.

Зауыттың жылдық мұнай өңдеу көлемін 6,1 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Ал жөндеуаралық кезеңді 36 айға дейін ұзарту көзделіп отыр.

 

Атырау облысы