Атырау облысында алты «Келешек мектебінің» құрылысы салынып жатыр. Бұл үш ауысымда оқытуды жою мен білім сапасын арттыруға ықпал етеді.
Облыстық білім басқармасының мәліметіне қарағанда, мұнайлы шаһарда былтыр аталған санаттағы мектептің үшеуі, биыл біреуі іске қосылды. Енді Ақсай-2, Жұлдыз-3 шағын аудандарында осындай екі білім ордасының құрылысы қолға алынған. Сондай-ақ Құлсары қаласында 1200 орындық, Құрманғазы ауданындағы Ақкөл ауылында 600 орынға есептелген мектептің қабырғасы қаланып жатыр.
Ел назарын аударған ұлттық жоба аясындағы «Келешек мектептерінің» бірі Атырау қаласының Жұлдыз-2 шағын ауданында орналасқан. Жаңа білім ордасы жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдай бастады. Мектеп директоры Орынгүл Қуандықованың айтуынша, 900 орындық білім ордасында 1800 оқушының сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.
«Заманауи үлгіде салынған ерекше мектептің материалдық-техникалық базасы толық жабдықталды. Медициналық кабинет ашылды. Нысан бейнебақылау және қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілді. Ендігі мақсатымыз – әр оқушының сапалы білім алуына барынша жайлы әрі қауіпсіз жағдай қалыптастыру», дейді О.Қуандықова.
Өткен жұмада шаһар іргесіндегі шағын ауданда ашылған мектепте ашық есік күні өтті. Ата-аналар мектептің материалдық-техникалық базасымен танысуға келді. Олар көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.
«Бұл мектепке келетін үш балам бар. Олар бұрын Жұлдыз-1 шағын ауданындағы №39 мектепке қатынаған еді. Оқушының көптігінен үшінші ауысымда оқыған кезі болды. Енді үйдің жанынан жайлы мектеп ашылғанына балаларымызбен бірге қуандық. Іші кең, жарық, барлық жағдай жасалған екен», дейді ата-ананың бірі Айнұр Оразова.
Тағы бір ата-ана Зарина Шағыраеваның да екі баласы осы кезге дейін көршілес шағын аудандағы білім ордасында оқып келген. Бұл олардың алаңсыз білім алуына кедергі болған.
«Мектептің тым алыс болмағаны жөн. Өйткені әр ата-ана баласының қауіпсіздігі үшін мектептен үйіне келгенге дейін алаңдап отырады. Екі балам үйге оралғанша көңілім байыз таппайтын еді. Енді үй жанындағы жайлы мектепте білім алатын болды», дейді З.Шағыраева.
Оқушылардың ғана емес, ата-аналардың да көңіліне қуаныш ұялатқан мектептің қандай кереметі бар? Директордың дерегіне қарағанда, білім ордасы төрт гектар жер телімінде орналасқан. Нысанның аумағы – 10 860 шаршы метр.
Екіншіден, мектептегі түрлі кабинеттің саны 40-қа жуықтайды. Өзге білім ордаларынан өзгешелігі – инклюзивті білімге арналған кабинеттің жабдықталуы. Мұнда білім алуға келетін мүмкіндігі шектеулі оқушылар жоғарғы қабатқа арнайы лифтімен көтеріледі. Бұған қоса осы заманғы зертханалар, шығармашылық шеберханалар мен 3 спорт залы бар. Оқушылардың ой-өрісін дамытатын роботтехникаға арнайы кабинет бөлініпті.
Үшіншіден, оқушылар 206 орындық асханада алаңсыз тамақтанады. Асханадағы тамақ мәзірі қатаң бақылауға алынып отыр. Мұнда газдалған сусындар мен тәттілер сатылмайды. Оның орнына оқушыларға жас ерекшеліктеріне сай құнарлы тағамдар ұсынылады.
Төртіншіден, мектеп ауласында балалар үшін ойын алаңы ашылыпты. Ал футбол ойнайтын алаңда жасанды көгал, волейбол, баскетбол мен теннис алаңдарына тартан жабыны төселіпті. Бұл оқушылардың жарақат алмауына септігін тигізеді.
Атырау облысы