Елордада «Әділетті Қазақстан: азаматтық қоғам мен мемлекет ынтымақтастығы» атты Азаматтық форум өтіп жатыр. Жетінші мәрте ұйымдастырылған ауқымды іс-шараға Үкімет, азаматтық қоғам, бизнес, халықаралық ұйымдар және БАҚ өкілдері атсалысты.
Форум аясында Қоғамдық кеңестердің IV Республикалық мәжілісі өтті. Оған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, өңірлік және республикалық қоғамдық кеңестердің мүшелері, сарапшылар, халықаралық серіктестер мен азаматтық сектор өкілдері қатысты.
Жиында министр қоғамдық институттар тұрақты дамып, олардың рөлі артып келе жатқанын атап өтті.
– Қоғамдық кеңестердің тиімді жұмысы көбіне сіздердің белсенді ұстанымдарыңыз бен бастамашылдықтарыңызға байланысты. Бұл алаңда сіздер Ұлттық құрылтай мүшелері сияқты жергілікті деңгейде көтерілген өзекті мәселелер мен ұсыныстарды талқылауға бастамашы бола аласыздар. Бұл – азаматтардың пікірін республикалық деңгейге жеткізудің тиімді жолы, – деді А.Балаева.
Министр халықпен кері байланысты нығайту және қоғамдық кеңестер институтын заманауи үрдістерге сай жетілдіру қажеттігін айтты. Осы мақсатта ол кеңестердің жұмысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен қолдануды ұсынды. Сонымен қатар А.Балаева қоғамдық кеңестердің парламенттік реформаларға белсенді қатысуының маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Президент атап өткендей, бұл мәселе қоғамның кеңінен қатысуын, халық пікірін жан-жақты талдау мен зерделеуді қажет етеді. Сондықтан қоғамдық кеңестердің Конституция баптарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу үдерісіне тікелей араласуы маңызды деп санаймын, – деді министр.
А.Балаева қоғамдық кеңестердің жұмыс тиімділігін арттыру және қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында кеңестердің халық алдында ашық есеп беру тәжірибесін енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, «Қоғамдық кеңестер туралы» заңда бекітілген ашықтық пен айқындық қағидаттары тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асуға тиіс.
Сондай-ақ министр қоғамдық бақылаудың тек жекелеген мәселелермен шектелмеуіне де назар аудару қажетін атап өтті. Оның пікірінше, бұл бағыт Президенттің бастамалары мен ұлттық жобаларының («Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат», т.б.) іске асырылуын жүйелі түрде мониторингтеу мен ілгерілетуге бағытталуға тиіс. Бұл жұмысқа қоғам өкілдерін кеңінен тарту қажет.
Қазір елімізде 263 қоғамдық кеңес құрамында 4 мыңнан аса белсенді азамат еңбек етіп жатыр. Кейінгі үш жылда олар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты 9 мыңнан аса нормативтік-құқықтық актілер жобасын қарастырған. Сондай-ақ 2 100 мемлекеттік орган басшысының есептері тыңдалып, 820 қоғамдық тыңдау ұйымдастырылған. Бұған қоса әлеуметтік қорғау, жер қатынастары, денсаулық сақтау және басқа да мәселелер бойынша 2 мыңнан аса азаматтың өтініштері қаралған.
Мәжіліс қорытындысы бойынша қоғамдық кеңестер қызметінің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірленеді. Бұл шешімдер алдағы уақытта уәкілетті мемлекеттік органдардың жұмысында ескеріліп, одан әрі реформаларға да негіз болмақ.
Ал «Азаматтық форум: ұсыныстардан нәтижеге» панельдік сессиясында сарапшылар еліміздегі 2020–2030 жылдарға арналған Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын іске асырудың бірінші кезеңінің қорытындыларын шығарып, X және XI Азаматтық форумдарда ұсынылған ұсыныстардың қаншалықты жүзеге асқанын талқылады.
Биыл 2020 жылы 27 тамыздағы Президент Жарлығымен бекітілген тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңі аяқталады. Жұмыс азаматтық қоғамды дамытудың жекелеген қырларын қамтитын бес негізгі бағыт бойынша жүргізілген.
Азаматтық істер комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанованың айтуынша, 2020–2025 жылдардың қорытындысы бойынша Тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңі табысты іске асқан.
– Қазақстан 2020–2025 жылдары азаматтық қоғам институттарын дамытуда айтарлықтай ілгері қадам жасады. Біріншіден, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық бастамалардың қызметіне арналған заңнамалық база нығайтылды. Екіншіден, азаматтық белсенділікті, волонтерлікті және қайырымдылықты қолдау шаралары іске асырылды. Үшіншіден, онлайн-петициялар мен жаңартылған қоғамдық кеңестерден бастап Ұлттық құрылтайға және кері байланыстың басқа да нысандарына дейін азаматтар мен ҮЕҰ-ның шешім қабылдауға қатысуының жаңа тетіктері енгізілді. Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттар арқылы ауқымды қаржыландыру, кадрларды даярлау, ҮЕҰ-лардың кәсібилігі мен тұрақтылығын арттыру секторды едәуір нығайтуға мүмкіндік берді, – деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, тұжырымдаманың екінші кезеңі қол жеткізілген сандық нәтижелерді мемлекет пен қоғам арасындағы сапалы өзара іс-қимылға айналдыруға, азаматтық секторды мемлекеттің толыққанды әрі тең құқықты серіктесі ретінде одан әрі нығайтуға бағытталған.