Кеше Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономикалық реформалардың теріс салдарын барынша азайту үшін шаралар қабылдады, деп жазады Egemen.kz.
Сондай маңызды шешімнің бірі оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін (АСР) қолдануға қойылған шектеулер тізімі айтарлықтай қысқартылып, қолданыстағы заңнамаға сәйкестендірілуі. «Атамекен» ҰКП осы мәселе бойынша мемлекеттік органдармен дереу диалог орнатып, даулы нормаларды жан-жақты пысықтау бастамасы көтерілгенін мәлімдеп, тыйым салынған қызметтердің тізімі қолданыстағы заңнамаға сәйкес 44-ке дейін қысқартылғанына назар аударды.
«Бұл шешім оңайлатылған салық режимін қолдану мүмкіндігін сақтап қалатын ондаған мың кәсіпкерге тікелей әсер етеді.Алайда жұмыс мұнымен тоқтап қалған жоқ. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап микро және шағын бизнес үшін «таза парақтан» тәсілімен салықтық әкімшілендіру енгізіледі. Ол бойынша салықтық тексерулер мен камералдық бақылаудың толық күшін жою, мәмілелер мен тіркеулерді жарамсыз деп тану туралы сот істерін алып тастау, сондай-ақ өсімпұл мен айыппұлдарды есептен шығару (негізгі қарызды 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін өтеген жағдайда) көзделген», делінген хабарламада.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әрі қарай да реформалардың әрбір қадамы шынайы іскерлік тәжірибені ескере отырып жасалуы үшін жұмысын жалғастыра беретінін хабарлады.