Өзіңді танысаң, әлемді танисың. Аңдап қарасақ, ақиқат – алақанымызда екен. Ел аузындағы айқындықты айтқанда, «бес саусақтай білу», «алақанға салғандай» деуі де ежелгі түсініктен шықса керек.
Кезіндегі «Көкілташ» секілді іргелі оқу орындарында оқытылған он екі пәннің ең күрделісі – әбжад ілімін зерттеген Ғұзыхан Ақпанбет осы бес саусақ арқылы ай мен күннің есебін жүргізуге болатынын дәлелдейді. «Бармақтағы екі буынды қоса есептесек, саусағымыз ойша он төрт болады. Бұл ай есебін жүргізуге қолайлы. Айдың көріну мерзімі – 28 күн. Апта күндері әр 28 жыл сайын айдың дәл сол күніне қайталанып келіп отырады. Енді айдың толуы, солуы деп бөлсек, әрқайсысы 14 күннен болып шығады» дейді ғалым. Бұрын есеп аймен жүргізілген. Қазіргі Григориан күнтізбесінде бір айда 30, 31 күн ауыса береді. Ал қазақ есебінде мұндай ауысу жоқ.