• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Талбесік Бүгін, 09:35

Қарағайдың қасиеті бар

20 рет
көрсетілді

«Ертіс орманы» резерватының мамандары табиғи өрттердің салдарынан жанып кеткен 47 мың гектардан астам жерді қайтадан жайқалған жасыл орманға айналдырып үлгерген. Сауабы өлшеусіз бұл игі істің басы-қасында жүрген тәжірибелі маманның бірі – Ержан Сағадиев.

Қылқан жапырақты жалқарағай ормандары Павлодар мен Абай өңірлерінің аумағын алып жатыр. Таспа тәрізді шұбатылған қалып­та өсетін «Ертіс орман жолағы» өткен ғасырдың 90-жылдары мен жаңа ғасырдың басында қалың өрттен көп зиян шекті. 2003 жылы резерват құрылғанда ормандағы өртті азайтып, ағаш белдеулерін көбей­ту мақсат етілді. Бүгінде сол шығын­ның басым бөлігі бүтін­делген.

Ержан Ғазизұлының орман шаруашылы­ғындағы қызметі 37 жылдан асады. Сонау 1988 жылы Шығыс Қазақстанда орман ісі бойынша оқу орнын тәмамдап, елге оралған соң бірден Бесқарағай филиалында аға орманшының көмекшісі қызметіне орналасты.

– Ұзақ жыл орманшы, аға орманшы, директордың орынбасары, директор, тағы басқа қызметтер атқардым. Қазірде орманды қал­пына келтіру инженерімін. Ұлан-ғайыр орманның қай қиырында жүрсек те, ең абыройлы миссия қылқан жапырақты орман қорын қорғау екенін ұмытпаймыз. 1990-жылдардың ортасы мен 2000-жыл­дардағы алапат өрттен орманның біраз бөлігі күйіп кетті. «Мына түрімізбен кейінгі ұрпаққа не қал­дырамыз», деп күйінген сәттеріміз де аз болмады. Әйтеуір жылдар өте ісіміз оңға басып, орманды қорғау ісін мықтағанымыз бір бөлек, қал­пына келтіруге бағытталған кешен­ді іс-шаралар да нәтижесін бере бас­тады. Сол істің басы-қасында жүр­­генім­ді мақтан етемін, – деп бас­тады тәжірибелі орманшы әңгімесін.

Резерват Бесқарағай, Шалдай филиал­дарынан тұрады. Ержан қызмет ететін Бес­қарағай филиалында (аумағы 134 мың гектардан асады) бүгінде 7 орманшылық, бір тұқымбақ бар. 28 гектардан тұратын тұқымбақта жыл сайын қарағай көшеттері отырғызылып, екі жыл толғандары жанып кеткен ормандардың орнына салынады. Орманшылардың күшімен жыл сайын кемі 1200–1300 га жерге қарағай көшеттері егіледі. Бұл шамамен 5–6 млн түп көшет. Көшеттер әбден жайқалып өсіп, жан-жағына бұтағын жайған уақытта мемлекеттік орман қоры­на тіркеледі. Жеті жылда 1,5–1,7 метрге дейін өсіп, орманның толық­­қанды бір ағзасына айналады. Көшеттердің өміршеңдігін сақ­тап қалуына кедергі өте көп. Ең әуелі бұл аумақтағы жердің топырағы құмдауыт, ылғал аз. Екіншіден, көктемде қатты ыстық болса, жас көшеттер қурап қалуы ықтимал. Оның үстіне далалы жердің аңызақ желі де ауыр тиеді. Соған қарамастан, көшеттердің өміршеңдігін сақтап қалу көрсеткіші 30–40 пайыздан түсіп көрмеген. Мысал ретінде айтар болсақ, 2020 жылы егілген көшеттердің – 40, 2021 жылы – 35, 2022, 2023 жылдары – 50, 2024, 2025 жылдары 60%-ы тіршілігін сақтап қалған.

«Жанып кеткен алқаптар көбіне жан-жағы қорғалмаған жазық жерлер. Ондай жерде қарағай көшеттерінің өсімталдығы қиынға түседі. Кезінде техниканың азды­ғынан агротехникалық іс-шара­ларда ақаулар жиі болды. Тек кейінгі жылдары техникаларымыз жаңарып, мүмкіндігіміз молая түскелі, ісіміздің нәтижесі айтар­­лықтай артып отыр. Бұл жұ­мы­сымызға серпін беріп, кейінгі уақытта көшеттерді күзде де отыр­ғызатын болдық. Бірақ көшеттерді күзде отырғызудың тәуекелдері мол. Жаңбыр мен қар айтарлықтай кедергі тудырады. Көктемде ылғал мол болғандықтан олардың жерсінуіне, тез жетіліп кетуіне ыңғайлы факторлар баршылық. Оның үстіне өзге өсімдіктер тамыр­ланып кетпей тұрып 10 күн ішінде жос­парлы көлемді егіп тастау қажет. 5–6 млн көшетті аз ғана уа­қытта отырғызу кейде қызмет­кер­лерімізге қиынға соғады», дейді ол.

Ресми дерекке сүйенсек, алапат өрттерден «Ертіс орманының» 60 мың гектардан астам жері күйіп кеткен. Бесқарағай филиалының орманшылары алдағы 4–5 жылда зардап шеккен орман бөлігін толықтай қалпына келтіреміз деген болжам айтады. Бұған күш-қуатымыз да, ресурсымыз да жеткілікті деген сенімде. Қазірде шамамен 8 мың гектардай қалпына келмеген орман бөлігі тіркелген. Оның 3 мың гектарына терек өсіп кеткен. Қалған 5 мың гектарын алдағы 10–15 жылда жайқалған орманға айналдырмақ.

Күзгі салқын түскен қазірде орманшылар қарағай бүршіктерін жинауға кіріседі. Бүршіктер арнайы өңделіп, 60 градусқа дейін қыздырғанда ашылып, ішіндегі тұқымдары түседі. Бір тонна бүршіктен шамаман 800-900 грамм тұқым алынады.

«Қылқан жапырақты қарағайлардың орташа тіршілік жасауы – 250–280 жыл. Бұл орман жалдары ежелгі мұхит табанынан өсіп шыққан деген де болжам бар. Бірақ ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген. Қарағай – қасиетті ағаш. Кейде жұмыстан сілеміз қатып шаршағанда немесе бір жағдаймен көңіл күйіміз дұрыс болмағанда жуан ағаштың діңгегіне арқамызды беріп отыра қаламыз. Сондай сәтте шаршағанымыз басылып, жүйкеміз тыныштала қалады. Құдіреттің күші емей немене, тың әрі таза энергияны сезінесің. Кейбір қарағайлардың жуан болып өсетіндігі соншалық, үш адам қатар тұрғанда құшағымыз жетпейді. Ондай орман батырларының жасы 300 жылдан асып кеткен, биіктігі 25 метрге дейін жетеді», дейді орманшы.

Ержан Ғазизұлы өз маманды­ғына адал орманшы ғана емес, қоғамдық істе де белсенді азамат. Кезінде аудандық мәслихатқа депутат болып сайланып, Аққулы ауданының дамуы­на бір кісідей атсалысты. Ел тұрғындарына қол­дан келген көмегін беріп, әсіресе орман сала­сында талай жыл еңбек етіп, зейнетке шық­қан жандарға отын-суын қамдап беріп, жағ­дайларын жасады. Оның бұл еңбегіне ауылдастары дән риза. Тәжірибелі маман ретінде кейінгі жылдары ондаған маманды орман ісіне баулып, орманшылардың жаңа буынының қалыптасуына зор үлесін тигізіп жүр.

 

Павлодар облысы,

Аққулы ауданы