• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 13:28

Алдағы үш жылда 3 мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылады

30 рет
көрсетілді

Елімізде шалғай елді мекендерді сапалы интернетпен қамту қарқынды жүріп жатыр. 2027 жылға дейін үш мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылады деп жоспарланған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстан бойынша 6 179 елді мекеннің басым бөлігі байланыспен қамтылған. Олардың ішінде 119 қала мен 4 906 ауылда интернет желісі бар. Ауылдық елді мекендердің 2 724-і 3G, ал 2 182-сі 4G технологиясы арқылы қосылған. Сонымен қатар 1 902 ауыл ADSL желісі арқылы, ал 2 654 ауыл талшықты-оптикалық байланыс жүйесімен (ТОБЖ) интернетке тіркелген.

«2027 жылдың соңына қарай тағы 3 мың ауылды жоғары жылдамдықты интернетке қосу жоспарлануда. Қосымша 504 шалғай елді мекенді спутниктік технологияларды пайдалана отырып желіге қосу жоспарлануда. Оның 176-сы KazSat арқылы байланыспен қамтамасыз етілген, ал 2025 жылдың соңына дейін тағы 328 ауыл OneWeb арқылы қосылатын болады», делінген хабарламада.

Маңызды жаңалықтардың бірі — 2025 жылғы маусымда Starlink компаниясымен жасалған келісім. Осы келісімнің арқасында 13 тамыздан бастап Starlink Қазақстан аумағында ресми түрде қызмет көрсете бастады. Қазірдің өзінде бұл спутниктік интернет жүйесі 1,7 мыңнан астам ауыл мектебін интернетпен қамтамасыз етіп отыр.

Жалпы алғанда, 2025–2027 жылдар аралығында үш мыңнан астам ауылдық елді мекен жоғары жылдамдықты интернетке қосылып, ауыл тұрғындарының цифрлық мүмкіндіктері айтарлықтай кеңеймек.