«Кia Qazaqstan» зауытының іргетасы 2023 жылдың қараша айында қаланды. Қысқа мерзім ішінде мұндай ірі әрі заманауи зауытты салып шығу оңай болған жоқ. Осының бәрі екіжақты әріптестіктің, бірлік-ынтымақтың нәтижесі деп білемін.
Зауыт құрылысы барысында инженер құрылысшыларымыз мол тәжірибе алды. Жалпы, Қостанай облысын машина жасау өндірісінің орталығына айналдырғымыз келген. Бүгін сол мақсатымызға жеттік деп нық сеніммен айтуға болады.
Биылғы шілдеден бастап зауытта автомобильдер құрастырыла бастады, ал бүгін біз сериялық өндіріске көшіп отырмыз. Жыл соңына дейін кемінде 3 мың, ал келесі жылы 30 мыңға жуық көлік шығарылады, оның 20 мыңы ұсақ торапты әдіспен (CKD) өндіріледі. Бұл зауыт – заманауи автомобиль жасау технологияларын, атап айтқанда, максималды автоматтандыру мен цифрлық басқаруды қолданатын әлемдік деңгейдегі жоғары технологиялық өндіріс орны саналады.
Машина жасау саласын дамыту өңірдің дамуына мультипликативтік тұрғыдан әсер етеді. Атап айтқанда, машина жасау саласында бір жұмыс орнын құру басқа салаларда бес-алты жұмыс орнының пайда болуына септігін тигізеді. Өндірістерді локализациялау деңгейін арттыру үшін жаңа зауыттың айналасында құрамдас бөлшек жеткізушілері ретінде шағын және орта бизнес белдеуі құрылады.
«Кіа» зауытын қажетті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында өңірлік колледждер мен жоғары оқу орындарында машина жасаудың 5 бағыты бойынша жаңа мамандықтар ашылды. Олардың ішінде машина жасау технологиясы, автоматтандыру және басқару, машиналар мен жабдықтарды пайдалану және техникалық қызмет көрсету, қара металл өңдеу, дәнекерлеу тәрізді мамандық түрлері бар. Аталған мамандықтарды игеретін студент-жастардың білім-тәжірибесін ұштау мақсатында өңірдегі бірнеше оқу орнына жан-жақты материалдық-техникалық қолдау көрсетілді.
Инвесторлар ең алдымен, өндіріске қолайлы инфрақұрылымның бар-жоғына қарайтыны белгілі. Сондықтан жобаны ойдағыдай іске асыру мақсатында зауытқа бөлінген жер аумағын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында да ауқымды жұмыс атқарылды. Оның сыртында, жаңа зауытты қажетті шикізатпен қамтамасыз ету, дайын өнімді үздіксіз тасымалдау мақсатында ұзындығы 4,2 шақырым кіреберіс тас жол және тек зауыт қажетіне ғана пайдаланылатын 5 шақырымдық теміржол торабы салынды.
Құмар Ақсақалов,
Қостанай облысының әкімі