Мәжілістің жалпы отырысында депутаттардың ұлттық компаниялардан мемлекеттік бюджетке түсетін дивидендтер көлемін қысқарту жөніндегі сауалына жауап берген Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа Бюджет кодексінде бұл мәселеге нақты норма енгізілгенін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Өздеріңіз білетіндей, биыл қабылданған жаңа Бюджет кодексіне дивиденд төлеуден алынатын үлес әрбір ұлттық компаниядан кемінде 50 және 70%-ға дейін болуы тиіс деген норма енгізілген. Бұрын бұл норма жоқ еді. Бұл шектік меже Үкіметтің қаулысымен белгіленді. Біз мұны ашықтыққа, есеп беруге, ұлттық компаниялардың қаражатын жұмсауға парламент тарапынан қадағалауды арттыруға жасалған елеулі қадам деп санаймыз», деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, ұлттық компаниялардың қаражатын пайдалану барысы заңмен қатаң реттеледі. Сатып алу рәсімдері мен шығындар туралы мәліметтер республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есеппен бірге жарияланады. Мәжіліс депутаттары мен қоғам өкілдері бұл ақпаратты зерттеп, бақылау және түзетулер енгізу мүмкіндігіне ие.Премьер-министр «Самұрық-Қазына» қорының үлесіне қатысты мысал келтіріп, қордың 53 трлн теңге көлеміндегі ірі инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырып жатқанын айтты.
«Сіз айтып отырған нақты сомаларға келсек, шын мәнінде, бұл сома – мемлекеттік бюджетке түсетін дивидендтердегі айырмашылық, ол «Самұрық-Қазына» қоры есебінен қалыптасып отыр.Мен бұл ретте бірқатар цифр келтіргім келіп отыр. Қор, негізгі мемлекеттік даму институты ретінде, 53 трлн теңгеге бағаланатын өте ауқымды инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұл үлкен сома. Әрине, Қор осы инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру үшін өз қаражатын жұмсап қана қоймай, нарықтан да қарыз алуға мәжбүр, бұл қалыпты жағдай деп санаймыз», деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қоры инвестициялық бағдарламадан бөлек еліміздің әр өңірде бірқатар әлеуметтік жобаны жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
«Мысалы, өңірлерде тек денсаулық сақтау нысандарын салудың өзіне 550 млрд теңге бағытталып отыр, ал еліміздің барлық өңірінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 272 млрд теңге бөлінген.Бұл дегеніміз – өте маңызды инвестициялар, сондықтан да мен айтқан факторларды ескере отырып, «Самұрық-Қазына» қорының дивидендтері бойынша қабылданған шешімдер бір негізге сүйенген және жан-жақты қарастырылған шешімдер деп есептейміз», деді Премьер-министр Олжас Бектенов.