• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Футбол Бүгін, 09:08

Мессидің хет-тригі, Мбаппе мен Холанның дублі

Франция мен Сенегал құрамалары арасындағы матч қарсаңында осыдан 24 жыл бұрын өткен мына бір ойын еске түсті. 2002 жылғы әлем чемпионатының тұсаукесер кездесуінде аталған командалар өзара күш сынасты. Ол кезде француздардың әлем чемпионы деген атағы бар. Ал осындай ұлы дүрмекке алғаш рет қатысып отырған Сенегал аутсайдерлер санатында еді. Соған қарамастан алапат айқаста африкалықтардың асығы алшысынан түсті. 30-минутта Диоп соққан жалғыз гол Сенегалға жеңіс сыйлады.

Ол кезден бері көп нәрсе өзгерді. Ширек ғасырға жуық уақыт иінінде Франция құрамасы өрлеу кезеңін бастан кешірді. Айталық, 2018 жылы екінші рет әлем чемпионы атанса, 2006, 2022 жылдары күміс медальді мойындарында жарқыратты. 2016, 2024 жылдары Еуропа чемпионаттарында екінші, үшінші орынды еншіледі. 2021 жылы УЕФА-ның Ұлттар лигасында топ жарып, 2024 жылы Париж Олимпиадасында күміспен күптелді. Ал алғашқы әлем чемпионатында ширек финалға дейін жетіп, айды аспанға бір-ақ шығарған Сенегал одан кейін тағы үш мундиалда бақ сынады. Сонымен қатар «арыстандар» Африка Ұлттар кубогін бір мәрте ұтып, үш рет финалда ойнады.

Ист-Ратерфордтағы (АҚШ) «Мет­лайф-стэдиумда» өткен матчта Фран­ция құрамасы бірінші таймда көбірек шабуылдағанымен, қақпаға бірде-бір дәл соққы жасай алмады. Өзгелерді айтпағанда, мақтаулы Килиан Мбаппе мен Усман Дембеленің өздері де түк бітірген жоқ. Жұлдыздардың әр қада­мын жіті бақылаған қарсы жақтың қорғаушылары оларға адым аштырмады. Сол секілді Сенегалдың да талпынысы оң нәтиже бермеді. Шабуыл шебіндегі Садио Мане мен Николас Джексон бұл кеште еркін ойқастай алмады.

Үзілістен кейін ойын картинасы түбегейлі өзгерді. Француздар батыл­дырақ шабуылдай бастады. 52-минутта Майкл Олисе сол қапталдан бір ойыншыны алдап өтіп, қақпаға қарай допты қақырата тепті. Эдуар Менди оны кері қайтарды. Көп ұзамай Килиан Мбаппе қақпаға екі мәрте қауіп төндірді. Алғашқыда Сенегалдың кипері соққыға тосқауыл қойса, екінші эпизодта қорғаушы сауатты ойнады. Алайда қайсар мінезді Килиан бәрібір өз дегеніне жетті. 66-минутта Олисенің тамаша пасын голға айналдырды – 1:0. 82-минутта алаңға енді шыққан Брэдли Барколи оң қапталдан суырылып шығып, нысананы дәл көздеді – 2:0. Негізгі уақытқа төреші сегіз минут қосты. Сол аралықта доп тағы екі рет торда тулады. 90+5 минутта Ибрагим Мбайе есеп айырмашылығын қысқартса, 90+6 минутта Килиан Мбаппе дубль авторы атанды – 3:1.

 «І» тобындағы келесі кездесу Ирак пен Норвегия құрамалары арасында өтті. Скандинавиялықтардың сапын­да Эрлинг Холанн мен Мартин Эдегор сынды саңлақтар бар. Бұл күндері бірі «Манчестер Ситиде», екіншісі «Ар­­се­­нал­да» жасындай жарқылдап жүр. Екеуі де әлемдік деңгейде мойындал­ған тұлғалар. Бірақ бірінші кезекте футболдың командалық ойын екенін де естен шығармаған жөн. Айқас алаңындағы барлық ойыншыға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Егер де бір позициядан ақау шықса немесе бір футболшы осалдық танытса, оның ақыры орны толмас өкінішке әкеп соқтыруы мүмкін. Сол тұрғыда «Норвегия сапындағы ойыншылардың барлығы да мықты» деп айтудан аулақпыз.

Десек те бұл матчта норвегиялықтар аутсайдерлерді оңдырмай ұтты. 29, 43-минуттарда Эрлинг Холанн, 76-минутта Лео Эстигор мергендік танытты. Төреші белгілеген қосымша уақытта Аймен Хуссейн өз қақпасына гол салды. Оның алдында ғана осы шабуылшы қарсыластар қақпасын дәл көздеген еді. Есеп – 4:1.   

Таң ата соңғы әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжалаған Аргентина футболшылары жасыл алаңға шықты. Осыдан төрт жыл бұрын Қатарда өткен доданың алғашқы айналымында аргентиналықтардың Сауд Арабиясынан жеңілгенін жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Есесіне одан кейінгі ойындарда олар барлық бәсекелесінен басым түсіп, ФИФА-ның Алтын кубогін Оңтүстік Америкаға әкетті. Биылғы додада «J» тобына түскен Лионель Скалонидің шәкірттері алғашқы ойынын Алжирге қарсы өткізді.

Канзас-Ситидегі (АҚШ) 76 416 көрермен сыятын «Эрроухед Стэдиумде» өткен айқас Лионель Мессидің бенефисі болды. Ұлттық құрама сапында 200 рет жасыл алаңға шыққан «Атомды бүргенің» (Мессидің бір лақап аты) есімі дүниежүзілік доп додасына алты рет қатысқан тұңғыш футболшы ретінде тарихта қалды. Дәл осындай мерейлі күні ол жасындай жарқылдады. 24 шіл­де­де 39 жасқа толғалы отырған Ар­ген­тинаның дүлдүлі даңқты Зинедин Зиданның ұлы – Люка қорғаған қақпаны үш мәрте дәл көздеп, хет-трик жасады – 3:0. Сөйтіп, Месси әлем чемпионаттары тарихындағы ең мерген ойыншылардың сайысында неміс Мирослав Клозені қуып жетті. Екі жұлдыздың әрқайсысының еншісінде 16 голдан бар. Бәсеке барысында Алжир де бір доп соққан еді. Бірақ гол офсайд анықталып, есепке алынбады.

Осы «J» тобындағы келесі матч­та да ірі есеп тіркелді. Бұл бәсекеде Аустрия Иорданияны 3:1 есебімен ұтты. 21-минутта Романо Шмид есеп ашса, 50-минутта Әли Олван таразы басын теңестірді. Алайда бұл нәтижеге қана­ғат­танбаған еуропалықтар толассыз шабуыл ұйымдастырып, оның ақыры Язан Әларабтың автоголы, Марко Арнаутовичтің 11 метрлік нүктеден гол соғуымен аяқталды. 

Соңғы жаңалықтар