• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Отбасы 24 Қазан, 2025

Неке тұрақтылығы – татулық пен береке негізі

40 рет
көрсетілді

Отбасы – қоғамның басты тірегі, берік арқауы, ұлттың ұйытқысы. Мықты мемлекет ырыс-ынтымақты отбасыдан құралады. Отбасы құндылықтарын сақтау ел өміріндегі тұрақтылыққа, адамдар арасындағы қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал етеді. Қоғамда моральдық негіздерді, отбасы құндылықтарын нығайту – Мәдениет және ақпарат министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі.

2020 жылы елімізде «Қазақ­стан­дық отбасылар – 2020» атты алғашқы Ұлттық есеп жарияланды. Есепте ажырасу себептері, отбасылардың әлеуметтік-эконо­ми­калық жағдайы, туу динамикасына қатысты деректер мен талдау­лар қамтылды.

2023 жылы осал санаттағы отба­­­­­сыларды қолдауға бағытталған Әлеуметтік кодекс қабылданды. Құжатта көпбалалы, табысы төмен отбасыларға арналған нақты әлеуметтік қолдау шаралары, сондай-ақ ана мен бала құқығын қорғау тетіктері қарастырылған. Кейінгі кездері ел өмірінде орын алған маңызды қадамдардың бірі – әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету, балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында қабылданған заң­на­малық өзгерістер. Заң аясында тұрмыстық зорлық-зом­былық қылмыстық жауап­кер­­шілікке жатқызылып, бала­ларға қатыс­ты кез келген зорлық-зомбы­лық түріне қатаң жаза ен­­­гі­зіл­ді. Заңнамаларды жетіл­діру шеңберінде тұрмыстық зорлық-зом­былықтың алдын алуға бағыт­талған кешенді шаралар қабыл­данды. Отбасы инс­титутын нығайту, кәмелетке тол­­­маған­дардың қауіпсіздігін қамта­­масыз етуге бағытталған жаңа нормалар пайда болды.

Осы мақсатта бұрын қызмет етіп келген Отбасын қолдау орта­­лық­тарының жұмысы қай­та құрылып, олардың қыз­меті бірыңғай модельмен жүйе­ленді. Нәтижесінде, мұндай орталық­тар­дың саны ел көле­мінде төрт есе, 33-тен 131-ге дейін артты. Қазірде Мәдениет және ақпарат министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, Отба­сын қолдау орта­­лық­­тарында көрсетілетін барлық әлеу­меттік қызметтерді авто­мат­тандыру, цифр­­­­ландыру жұмыс­та­рын белсенді жүргізіп келеді.

Отбасы мен некені сақтау, нығайтуға арналған 2025–2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Жоспар отбасы өміріне саналы дайындықты арттыруға, ажырасу­дың алдын алуға бағытталған.

Ұлттық статистика бюросы­­ның деректеріне сәйкес кейінгі бес жылда елімізде ажырасу саны 16%-ға төмендеген. 2020 жылы тіркелген ажырасу саны 48,2 мың болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 40,5 мыңға дейін азайды.

Былтыр некеге тұруға өтініш берушілерге арналған тегін алдын ала кеңес беру, оқыту жобасы іске қосылды. Жоба Шымкент, Астана қалаларында қанатқақты режімде сәтті жүзеге асырылды. Түптеп келгенде неке – ерлі-зайыптыларды отбасында тұрақтылық, татулық, ізгілік, берік­тік орнатуға үндейтін, өмірге ұрпақ әкеліп, балаларын мейірім­ділікпен, жылылықпен тәрбиелеуге бағыттайтын баталы, бәтуәлі іс.

Бүгінде Мәдениет және ақпарат министрлігі «Отбасы және дәстүрлі құндылықтарды наси­хаттау, ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауап­кер­ші­лігін арттыруға бағытталған кешенді шаралар» атты гранттық жобаны іске асырып жатыр. Жобаның негізгі бастамаларының бірі – «Ата-аналар академиясын» құру. Бұл бастама аясында ата-аналарға арналған онлайн-курс­тар мен оқыту бағдарламалары ұсынылады. Сондай-ақ бала тәр­бие­­сіне қатысты өзекті мәселе­лер жөнінде түсіндіру кездесулері өткізі­леді. Жақын арада «Ата-ана.kz» онлайн платформасын іске қосу жоспарланып отыр.

Отбасы институтын, мораль­дық-әлеуметтік құндылықтарды нығайту мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық кон­курсын ұйымдастырады. Кейін­гі  11 жыл ішінде конкурсқа еліміздің барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысты. Сонымен қатар 2023 жылы елімізде Аналар күні (мамыр айының екінші жексенбісі) мен Әке­лер күні (маусым айының үшінші жексенбісі) ресми мереке ретінде бекітілді. Елімізде жыл сайын қыркүйек айының екінші жек­сенбісінде Отбасы күні атап өтіледі.

Отбасы – елдің әлеуметтік дамуы мен мәдениетінің негізі. Қоғам­­дағы тұрақтылықты қамта­масыз ету жолында отба­сы құры­лымын жан-жақты қолдау, отбасы мүшелерінің арасында қалыпты, ізгі қарым-қатынасты дәйекті дамыту, ұрпақ тәрбиесіне баса назар ауда­ра беру қажет. Сол тұрғыда отбасы құндылықтарын сақ­тау, нығайту мемлекет пен қоғам­ның, әрбір азаматтың мін­деті болып қала береді.