Бразилияда дәрігерлер қайтыс болды деп шығарған 88 жастағы ер адам жерлеу бюросында тірі болып шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқиға 16 мамыр күні Президенте-Бернардес қаласында болған. Зейнеткер өздігінен тыныс ала алмай, ауруханаға жеткізілген. Дәрігер оның қайтыс болғанын ресми түрде растаған. Кейін оның денесі стандартты рәсімдер жүргізу үшін жерлеу бюросына жіберілген.
Алайда жерлеу бюросы қызметкерлері ер адамның іш тұсында қозғалыс бар екенін байқап, жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер оған алғашқы көмек көрсетіп, интубация жасаған. Содан кейін науқас Президенте-Пруденти қаласындағы ауруханаға шұғыл жеткізіліп, реанимация бөліміне жатқызылған. Оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланып отыр.
Оқиғадан кейін құқық қорғау органдары медициналық көмек көрсетпеуге қатысты тергеуді бастады. Медициналық мекемеге де қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр.