Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында Парламент тиімділігі мәселесі орынды көтерілді. Еліміз кейінгі 30 жылда XIII сайланған Жоғарғы Кеңестен қазіргі қос палаталы Парламентке дейінгі бел-белесті жүріп өтті.
Алайда қоғамда: «Бұл модель азаматтар мен өңірлердің мүддесіне сәйкес келді ме?» деген сұрақ жиі қойылады. Президент Қ.Тоқаев идеясының мәні де – осында. Саяси реформаның мақсаты да – осы бағдарда.
1994 жылы сайланған алғашқы кəсіби Парламент жаңа саяси мəдениетке өтудің рәмізі болды. Оның құрамында ғалымдар, инженерлер, дəрігерлер, кəсіподақ өкілдері бар еді. Бірақ ол бар болғаны бір жыл ғана жұмыс істеді. 1995 жылы Конституциялық соттың шешімімен таратылды. Бұл шешім биліктің суперпрезиденттік моделін бекітті, ал Парламент бағынышты органға айналды. Енді отыз жылдан кейін, ел тағы да тарихи бетбұрыс алдында тұр. «XXI ғасыр Парламенті қандай болуға тиіс?» деген сұрақ қоғам көкейінен кетпейді.
Әлемдік тәжірибеде Парламенттің тиімділігі бес өлшеммен бағаланады: 1) Өкілдік. Қоғамның барлық өңірі мен əлеуметтік топтарының мүддесін мейлінше қамтуы; 2) Тұрақтылық. Саяси циклдер мен дағдарыстардан тəуелсіз жұмыс істей алу қабілеті; 3) Заңнаманың сапасы. Қабылданған заңдардың экономикалық жəне əлеуметтік шындыққа сəйкестігі; 4) Бақылау. Парламенттің Үкімет пен қаржы саясатына шынайы ықпал ете алу қабілеті; 5) Ашықтық. Жұмыстың жариялылығы мен қоғам алдындағы есептілігі.
Осы өлшеммен байыптасақ, қазіргі қос палаталы модель жеткілікті теңгерімге ие емес. Партиялық тізім бойынша сайлау депутаттарды сайлаудан гөрі партия басшылығына тәуелді етті. Партиялардың көптеген өңірде өкілі де жоқ. Сондықтан жергілікті мəселелерде олар шешім қабылдау деңгейіне жетпей жатады.
Парламент реформасы тек форманы емес, халық өкілдігінің мазмұнын қайтаруға тиіс. Оңтайлы нұсқа – əр өңір тікелей өкілдік ететін бір палаталы өңірлік бағыттағы парламент (сенаттық жүйе үлгісімен). Мұндай тəсіл барлық облыс пен қалалардың тең қатысуын қамтамасыз етіп, депутаттардың сайлаушылармен байланысын нығайтады әрі жауапкершілігін арттырады.
Сонымен қатар депутаттардың кəсіби жəне əлеуметтік кепілдіктерін заңмен бекіту маңызды. Парламенттің таратылуы олардың мəртебесін немесе еңбек өтілін жоюға əкелмеуі керек. Мандатынан еркінен тыс айырылған депутат өтпелі кезеңде өтемақы алуға құқылы болуға тиіс. Бұл – жеке артықшылық емес, халық өкілдігінің тəуелсіздігін қорғау тетігі.
Кемел парламентаризмнің басты белгісі – биліктің барлық тармағының есептілігі. Бүгінде Қазақстан ұлттық банкі іс жүзінде Парламентке есеп бермейді, алайда дəл оның саясаты инфляция, теңге бағамы мен экономикалық тұрақтылыққа тікелей əсер етеді. Ұлттық банк төрағасы депутаттар алдында тұрақты есеп бермегендіктен, бақылау жүйесі формалды күйде қалып қояды. Үкімет пен Ұлттық банктің есептерін Парламент тыңдаулары арқылы міндетті түрде қарау жаңа модельдің негізгі шарты болса дейміз.
Жаңа Парламенттің кәсібилігі, тиімділігі қалай көрінбек? Иә, мəселе – палата санына емес, өкілдіктің сапасы мен институттардың кемелдігінде. Парламентті тарату құрал болмауға тиіс, ал депутаттардың кепілдігі – артықшылық емес, кемел демократияның нышаны.
Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаның басты мақсаты – Парламентті қоғам мен билік арасындағы сенім орталығына айналдыру, ел мүддесіне сай шешімдер қабылданатын жүйе қалыптастыру.
Дәурен ӘДІЛБЕКОВ,
Қазақстан Жоғарғы кеңес XIII шақырылымының, Парламент Сенаты VI, VII шақырылымының депутаты