Бүгін Алматы қаласында Республика Күніне орай Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өткен салтанатты шарада мәдениет, өнер, бұқаралық ақпарат құралдары, архив пен кітапхана ісінің өкілдері тоғысып, мерейлі сәттерді бастарынан өткерді, деп жазады Egemen.kz.
Мегаполистегі марапаттау рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, мемлекеттік марапатқа ие болған тұлғаларды мерекелерімен құттықтады.
Министр Алматыда медиа, өнер, архив және кітапхана саласындағы 61 қызметкерге мемлекеттік наградалар табыстады.
«Мемлекет басшысы мәдениет саласын дамытуға, шығармашылық адамдарын қолдауға ерекше көңіл бөледі. Кеше елордада бір топ мәдениет және ақпарат саласы майталмандары марапатталды. Оның ішінде Меруерт Өтекешова, Айтқали Жайымов, Тамара Асар сынды өнер қайраткерлері «Халық әртісі» атағымен марапатталды. Сонымен қатар, елімізді әлемдік ареналарда танытып жүрген, болашағына үміт артар жастарымызға да мемлекеттік марапаттар табысталып отыр», – деді министр.
Бүгін марапат иелерінің қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының, Республикалық академиялық неміс драма театры және Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының актерлері, режиссерлері, әкімшілік қызметкерлері мен сахна саңлақтары бар.
Орталық мемлекеттік архив және Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі мамандарының еңбегі жоғары бағаланды. Ел баспасөзінің дамуына зор үлес қосқан «Егемен Қазақстан» газетінің аға тілшісі Ғалым Сүлеймен, «Казахстанская правда» газетінің ардагер журналисі Елена Брусиловская, сонымен қатар теле және радио саласының өкілдері де елеусіз қалған жоқ.
Марапаттау рәсімінің соңында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры солистерінің мерекелік концерт берді.
Салтанатты оқиға кезекті іс-шараға ұласып, Аида Балаева «Театр және суретші» симпозиумының қатысушыларымен кездесті. Оған Қазақстанның белгілі суретшілері, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Ресейдің өнер саласының өкілдері қатысты.