• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Футбол 24 Қазан, 2025

«Қайраттың» алғашқы ұпайы

10 рет
көрсетілді

Алматының «Қайрат» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы ұпайын олжалады. Кипрдің «Пафос» клубымен «Орталық стадионда» тең түсті.

«Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин матч­тан кейінгі баспасөз мәсли­хатында жеңіске жетіп, маңызды үш ұпай еншілеуге де мүмкіндік болғанын айтты.

– Қарсылас клубтың әлеуеті жоғары, тегеурінді ұжым. Бұған дейін грекиялық «Олим­пиакос» клубына қарсы ойын­да да олар он ойыншымен тартысқа түсті. Біздің жігіттерге қарсы матчта тіпті 90 минуттай бір футболшының кемдігін білдірмей, қорғаныста да, шабуылда да әбжілдік танытты. Доп­қа иелік етіп, қысымды күшейтіп, басымдықты уыста ұстаған біздің жігіттердің де гол соғатын мүмкіндігі болды. Қақпашы Темірлан Анарбеков бір­неше жойқын соққыны қай­тарып шеберлік танытты. Жалпы, ұжымдық ойын үлгісін көрсете алдық. Кемшілік те жоқ емес, әлі де шыңдала түсу қажет. Стадионға келіп қолдаған жанкүйерлерге ерекше алғыс айтамын, тек оларды жеңісімізбен қуанта алмадық. Алда әлі де маңызды ойындар бар, еңсемізді түсірмейміз, – деді бас бапкер.

Ойынның небәрі 4-минутында «Пафостың» қорғаушысы Жоау Коррея ережені өрескел бұзып, алаңнан қуылды. Қорғау­шының кемдігіне қарамастан қарсылас клубтың ойыншылары еңсесін түсірген жоқ. Керісінше, 2-тайм орта тұсынан ауғанда «Қайраттың» қорғанысын бұзып-жарып, дүркін-дүркін шабуылдады.

Алматылық клуб енді Чем­пиондар лигасының жалпы кезе­ңіндегі төртінші турын сырт алаңда өткізіп, 6 қарашада Ита­лияның «Сан Сиро» стадионында миландық «Интерге» қарсы ойнайды. Одан бұрын да бір маңызды матч бар. Биылғы ел чемпионатының соңғы турында, 26 қазан күні елордалық «Астана» клубымен тартысқа түседі. Тағдыршешті матчта қай жеңгені ел чемпионы атанады.