• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Президент 24 Қазан, 2025

Қазақстан алдағы уақытта да теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізеді - Президент

30 рет
көрсетілді

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бәріміз бір ел болып қолға алған реформалардың түпкі мақсаты – Қазақстанды жаңа жағдайға бейімдеу, сол арқылы еліміздің егемендігін нығайтып, бәсекеге қабілетін арттыру. Мемлекет басшысы ретінде мен жеріміздің тұтастығын, еліміздің дербестігін және экономикалық дамуын қамтамасыз етуім керек. Бұл – менің азаматтық борышым», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазір әлем түбегейлі жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Бір жағынан, қақтығыстар мен соғыстар азаймай тұр, басқа жағынан, жоғары технологиялар, жасанды интеллект тез дамып келеді.

«Осындай күрделі жағдайда еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Барша елмен достық қатынас орнатып, мемлекетімізді сенімді серіктес ретінде таныттық. Соның арқасында энергетика, көлік, логистика, ақпараттық технология, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларға қомақты инвестиция тартып жатырмыз. Қазіргі алмағайып заманда салиқалы дипломатия дәстүріне негізделген сыртқы саясатты ұстану айрықша маңызды. Біз мемлекеттердің бәрі өзара тіл табысып, ортақ мәмілеге келе білгені жөн деп санаймыз. Өзара сенім мен құрметті нығайтып, әріптестік қарым-қатынасты дамыту қажет деп есептейміз», деді Президент.

Мемлекет басшысы жақында Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы ашылғанын атап өтті. Сондай-ақ мұны зор жетістік деп айтуға болатынын мәлімдеді.

«Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында негізгі халықаралық мәселелерге баса назар аудардым, бірқатар ұсыныс айттым. Әлемде барлық елдің мүддесі ескерілетін әділ халықаралық қатынастар жүйесін орнату керек. Қазақстан дүние жүзі қауымдастығының жауапты әрі ықпалды мүшесі ретінде алдағы уақытта да теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.