Премьер-министр Олжас Бектенов елімізге ресми сапармен келген Финляндия Президенті Александр Стуббпен кездесті.
Кездесуде сауда мен инвестициялық ынтымақтастыққа баса назар аударылды. Сонымен қатар өнеркәсіп, энергетика, цифрлық даму, көлік пен логистика, су ресурстары, қаржы, агроөнеркәсіп салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Олжас Бектенов Үкімет екі ел арасындағы барлық келісімнің орындалуын бақылауда ұстайтынын айтты. Финляндия еліміз үшін Еуропалық одақтағы маңызды серіктес екені атап өтілді.
Келіссөздер барысында сауда көлемін ұлғайту, оның құрылымын әртараптандыру мен экономиканың негізгі салаларына жаңа технологиялар енгізу бағытында үлкен мүмкіндік бар екені айтылды. Тараптар елімізде бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесін талқылады. Әңгіме көлік саласына арналған логистикалық орталықтар мен экспортқа бағытталған өндірістік алаңдар салу туралы өрбіді.
Цифрлық трансформация саласындағы ынтымақтастық та басты назарда болды. Еліміз суперкомпьютерді іске қосқанын айтып, Еуропадағы ең қуатты есептеу жүйелерінің бірі LUMI-мен жұмыс істейтін Финляндиямен тәжірибе алмасуға дайын екенін мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан Финляндиямен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға дайын. Біз экономиканың басым секторларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз. Үкімет елімізге келген инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетеді», деді О.Бектенов.
Финляндия Президенті Александр Стубб Қазақстанның инвесторларға қолайлы жағдай жасау бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарына оң баға беріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін білдірді.