• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:38

ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы норманы қолдады

20 рет
көрсетілді

Кеше Мәжілісте Архив ісі мәселелері бойынша заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Депутаттар құжат аясында ЛГБТ мен педофилияны насихаттауға тыйым салу туралы норманы қарап, қолдады.

Отырысты ашқан депутат Елнұр Бейсенбаев Мәжілісте дәстүрлі емес жыныстық бағдар мен педофилияны насихаттайтын топтардың жұмысына қатысты бірнеше депу­тат­тық сауал болғанын атап өтті. Сондай-ақ ол халық тарапынан да арнайы петиция жарияланып, оған 2 мыңнан аса азамат қол қойғанын еске салды.

«Бірқатар депутат арнайы нормаларды дайындап, Үкіметке жолдады. Қорытындысы келді. Кейбір тұстары пысықтауды қажет етсе де, негізінен бұл нормаларды Үкімет қолдады. Толықтыру балалардың құқығын қорғауды және қоғамда ұлттық, моральдық құндылықтарды сақтауды көз­дейді», деді депутат.

Жиында депутат Еділ Жаң­быршин дәстүрлі емес жы­ныстық бағдар сынды ұлттық құндылықтарға қайшы келетін әрекеттерді көпшілік алдында дәріптеуге қарсы екенін жеткізді. Әсіресе психикасы қалыптаспаған жасөспірімдердің арасында мұндай насихат жүргізуге жол беруге болмайтынын айтты.

«Егер болашақ ұрпақтың амандығын ойласақ, олардың санасына теріс әсер ететін, ұлтымыздың табиғи болмысына жат нәрселердің таралуына қарсы тұруымыз қажет. Қолданыстағы заңнамада әлемдік және ұлттық мәдениетті дәріптеу туралы 34-бап бар. Сол бапта мәдени, әдеби, басқа да көпшілік іс-шараларда зорлық-зомбылықты, порнографияны және қоғамға жат өзге де құбылыстарды насихаттауға тыйым салынатыны көрсетілген. Біз осы нормаға қосымша ретінде дәстүрлі емес жыныстық бағдарды және педофилияны насихаттау да заңмен қудаланатынын нақтылап енгізіп отырмыз. Бұл түзету жұмыс тобының көптеген мүшесі тарапынан қолдау тауып, бірауыздан қабылданды. Енді алдағы уақытта әлемдік мәдениет немесе ұлттық мәдениет аясында өтетін кез келген іс-шараларда ЛГБТ қозғалысын, педофилияны немесе қоғамымызға, ұлттық менталитетімізге жат идея­лар дәріптелсе, бұл әрекеттер заң жүзінде қудаланады», деді депутат.

Негізі бұрын заң аясында мұн­дай нақты тыйымдар болмады. Сал­дарынан кейбір қоғамдық бірлес­тіктер мен ұйымдар әртүрлі акция­, митинг, парад өткізіп, әлеуметтік желілер арқылы өз ұста­ным­дарын ашық насихаттап келді. Енді депутаттар заң жүзінде шектеуден бөлек, кино, әдебиет, спектакль сынды мәдени өнімдер арқылы мұндай идеялардың таралуына жол бермеу керек деп отыр.

«Мысалы, Канада мен Америкада жүргізілген 2022–2023 жылдардағы тәуелсіз зерттеулер көрсеткендей, ЛГБТ өкілдері арасындағы 13 пен 24 жас аралығындағы азаматтардың суицидке бару көрсеткіші АҚШ-та – 41%, Канадада 25%-ды құраған. Ал гетеросексуалды жастар арасында бұл көрсеткіш үш есе төмен. Яғни мұндай идеология жастардың психикасына өте ауыр әсер ететінін дәлелдейді», деді Е.Жаңбыршин.

Басқосуға қатысқан өзге де Үкімет өкілдері, Мәжіліс депутаттары Нұрлан Әуесбаев, Айна Мысырәлімова, Наталья Дементьева, Анас Баққожаев, Жанарбек Әшімжан, Болат Керімбек, Аманжол Әлтай пікірлерін ортаға салып, тиісті норманы қолдайтынын білдірді. ZOOM арқылы қосылған Ринат Зайыт та талқыланып отырған мәселенің өзекті екенін тілге тиек етті.