Еліміз 1992 жылы БҰҰ-ға мүше болған соң, біртіндеп аймақтық, әлемдік ұйымдардың құрамына ене бастады. Бірқатарына төрағалық та етті. Елшілік, консулдықтармен қатар халықаралық ұйымдарда тұрақты өкілдіктерін ашты. Дипломатиялық миссияларды орындап, бітімгерлік жолға өз алаңын ұсынды. Сондай-ақ еліміз – Еуроодақтың Орталық Азиядағы басты серіктесі.
Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстан мен Еуропа одағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Батыс елдерімен мұндай байланыс орнатқан еліміз – Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Қазірге дейін осы құжат аясында экономика, инвестиция, энергетика, көлік, қоршаған орта, ғылым, инновация, құқық секілді 29 бағытта нақты келісімдер жасалған.
Бүгінде еліміз әлемнің 200-ге жуық елімен дипломатиялық қарым-қатынаста. Барлық құрлықта өкілдіктері бар, Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, 75 елшілік, 33 консулдық тіркелген. 54 халықаралық ұйым, қор, бағдарламалармен жұмыс істеп келеді. Оның ішінде 8 аймақтық ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), БҰҰ Азия және Тынық мұхит аймағында бейбітшілік және қарусыздандыру жөніндегі өңірлік орталығы, Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсоларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы, Орталық Азия менеджментті дамыту қоры, 11 ведомствоаралық және тақырыптық ұйыммен – Азияның Табиғи зiлзалаларды азайту жөнiндегі орталығы (АТЗАО), Орталық және Шығыс Еуропа мемлекеттеріндегі сайлау ұйымдастырушылар бірлестігі (ОШЕМСҰБ), Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы (ГРЕКО), Жаңа Тәуелсiз Мемлекеттердің ғалымдарымен ынтымақтастықты дамыту жөнiндегi халықаралық бірлестігі (INТАS), Халықаралық әлеуметтік қамту бірлестігі (ХӘҚБ), Халықаралық суландыру және дренаж желісі комиссиясы (ICID), Электртехникалық халықаралық комиссиясы (ЭХК), Қоршаған ортаны қорғау жөнінде халықаралық заң шығару кеңесі, Орталықпен Шығыс Еуропа, Еуразия аймағындағы энергетиканы реттеу органдары өңірлік қауымдастығы (ERRA), Халықаралық статистика институты (ХСИ), Халықаралық әскери спорт одағы) байланыс орнатты.
Сондай-ақ 2024 жылы еліміз Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Түркі мемлекеттері ұйымы, Аралды құтқару халықаралық қоры және Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымына төраға болды. Халықаралық валюта қоры, Халықаралық қайта құру және даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банку секілді қаржы институттарымен байланыс орнады.
Жалпы, «Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі туралы», «Қазақстан Республикасының Елшілігі туралы» және «ҚР Төтенше және өкілетті елшісінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы» ережелер 1992 жылдың 2 шілдесінде Президенттің Жарлығымен бекітілді. Осы жылы егемен еліміздің Сыртқы саясат Концепциясы қабылданып, көпвекторлық қағидат принципіне бағытталды.
Осылайша, еліміз отыз жылдан аса уақытта әлемдік қауымдастықтың көшбасшысына айналды. Әлемдегі геосаяси тұрақтылыққа үлесін қосып, белгілі елдер арасындағы шиеленістердің шешімін табатын, жыл сайын түрлі дінбасыларын өз алаңына шақырып, біріктіруші мемлекет үлгісін көрсетіп келеді.