Елордада өткен үстел теннисінен Қазақстан Республикасы Президентінің Ашық кубогі өз мәресіне жетті. 14 елден келген 300-ден астам жас спортшы бақ сынаған бұл халықаралық додада 11 жасқа дейінгі (U-11) және 16 жасқа дейінгі (U-16) жас санаттарында тартысты финалдық кездесулер өтіп, үздіктер анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ауқымды турнирді Nomad академиясы мен Қазақстан үстел теннисі федерациясы ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды. Биылғы жарыс бұрын-соңды болмаған көлемді жүлде қорымен ерекшеленді: жеңімпаздар — 5000, күміс жүлдегерлер — 2500, ал қола иегерлері — 1500 АҚШ долларынан иеленеді. Жалпы жүлде қоры 115 мың долларды құрады.
Финал қорытындылары:Ұлдар (U-11) арасында Рамазан Рауанұлы (ШҚО) үздік ойын өрнегін көрсетіп, алтын медаль иегері атанды. Күміс жүлдені шымкенттік Заңғар Әбдімәжит еншілесе, қола медальдар Бақдәулет Нұржан (Шымкент) мен Расул Бекболатқа (Ақтөбе) бұйырды.
Қыздар (U-11) санатында Шохина Миркодирова (Шымкент) топ жарып, турнир жеңімпазы атанды. Екінші орын — қарағандылық Жансая Тілегенова, ал үшінші орынды Томирис Тимурқызы (Ақтөбе) мен Назерке Болатбек (Түркістан) бөлісті.
Жасөспірімдер (U-16) арасындағы финалда Әліби Шоманов (ШҚО) шеберлігімен көзге түсіп, чемпион атанды. Күміс жүлде — Асылхан Мағзұмбековке (Қарағанды), қола — Санжар Ибахан (Түркістан) мен Мансұр Сүйіндікке (Павлодар) бұйырды.
Қыздар (U-16) арасында Қарағанды өкілі Мария Лукьянова қарсыластарына дес бермей, алтын жүлдеге ие болды. Екінші орын — Ақниет Амангелдіге, ал қола медаль — Рауана Шымкентбай (Шымкент) мен Ноила Ханиязоваға (Түркістан) бұйырды.
Айта кетейік, турнирдің соңғы күні көрермендерді әлемдік жұлдыздар Сюй Синь, Фан Бо, Вернер Шлагер және Джу Се Хёк қатысатын әсерлі шоу-матчтар күтеді. Ал 29 қазанда өтетін салтанатты жабылу рәсімінде барлық чемпиондар мен жүлдегерлер өздерінің лайықты марапаттарын алады.