• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сатира Кеше

Сап тиылған «сақина»

10 рет
көрсетілді

Қалада тұратын әкемнің інісінің үйіне тұмсық тіреп, күлбілтелемей келгендегі шаруамды шатып-бұтып айтып отырмын.

– Көке, жеңгемнің жағдайы қиын...

– Оу, өткенде барғанда сап-сау, әңгімесі ажын-гүжін, абысынының апшысын қуырып, мені де қайдағы жоқпен қағытып мезі етіп еді...

– Өздеріңмен өзек жыртысып, қағысып-қыжылдасқаннан кейін бірер күн көңілі көтеріліп, үй-іште жайма шуақ күй кешіп, мамыражай тірлік орнап еді... Таз қалпымызға қайта түсіп, жеңгеміздің жазылмас сақинасы қайта ұстап, қабырғамыз қайысты.

– Түсінбедім...

– Айтайын. Жеңгемізге емі жоқ... мүлде жоқ емес, емі – есер ауру пайда болыпты. Елдегі «сақинасы ұстап қапты» деген кесел есіңізде шығар. О пәлекет баста болып, бір мезет ұстап, бір мезет белгісіз ем-доммен өз-өзінен ізім-қайым болмаушы ма еді... Жеңгеміздікі бөлек. Сақинасы сақина, ұстамасы ми қауашағында. Ал емі ерекше... Көп жылдан көріп-білгеніміз, өзі де сезеді, сақинасының емі – ұрыс-керіс... Біреумен сөзге келіп салғыласып, айтарын айғайлап айтып, кеңірдек кере керілдесіп іш құсасын ақтарып алса, ауруынан айығады да кетеді... Көзіміз жеткен, жеңгеміздің сақинасы ұстағанда ауруынан ада етер «шипа» кездессе екен деп тілеуші боп төңірекке телміреміз де жүреміз... Мұндайда шешем марқұм шебер еді... Келінінің кеселін о бастан сезіп, оңашада екеуара «келсең кел» қағиданы қақ ұстап білек сыбана кірісіп, бірер мезетте-ақ кеселдің үнін өшіріп, дым болмағандай шешем жүнін түтіп, келіні қазан қайнатып, әркім өз шаруасын ­шиырлап кете барушы еді.

...Шешеміз қайтқандағы еңі­­ре­генін айтсаңшы. Қайтсін, ауруы­­ның бірден-бір емінен айырылу ­оңай дейсің бе.

Анда-санда болса да жеңгеміздің сақинасы ұстады бітті, үй-іштің берекесі қашады.

Алдымен, әлбетте, «алақанға» ағам ілігеді. Қоқиланып қоразданып көрген... Қоқиы ауруын қойдырмақ түгіл, үдере өршіп, өрт жалыны қалқан құлақ біздерді де шарпып жататын.

– Ойпыр-ай-ә, естімеген елде көп деген, содан?

– Үйдегі абысынымен де ажың-күжің болып, текетірес тереңдеп тілерсек қиюға шақ қалып, бөлек шығып, безіп кеткен... Көрші келіншектер де жеңгемнің сақинасы ұстапты дегенді естісе, қақпаларын тарс бекітіп, қасқыр көрген иттей болады.

Туыс-жекжаттарда бізге келерде менен «жеңгең қалай?» деп сұрап намысыма тиеді.

...Кейінгі кезде, ауруы асқынған болуы керек, не ала сиырды «алқы­мынан» алып жатады, не тарғыл төбетті үйшігіне қуып тығып тақым­дап жатады.

...Жеңгеңнің ауруын егжей-тегжейлі ініме айт. Қалада, оқығаны-тоқығаны бар, бір амалын қарас­тырар деп әкем өзіңізге жіберді.

– Ойпыр-ай, сонда бұл аурудың бір түрі дедің-ә!.. Былай өзі, жұқ­палы пәле ме?

– Жұғымы жоқ! Тұқымнан ­тарап, тек үш-төрт ұрпақтан ке­ліп барып біреудің «маңдайына жазылады» екен. Естуімше, жең­гемнің әжесінің әжесінде осы ауру болыпты. Ол кісінікі біз­дікіндегідей жиі емес – айлап барып, көбіне күз мезгілдері ауысқанда ұстап, ұстағанда біздікіндегідей аһылап-уһілеген майда-шүйде емес, ақырып-шақырған шаһар болса да естілеу болып, ел-жұрты ондайда ол кісіні үлкен той-томалаққа дереу жеткізіп, қолына домбыра ұстатып айтыс додасына сүңгітіп кеп жібереді екен...

– Айтыстан айыға ма екен әжесінің әжесі?

– Жыны басылып, сабасына түсіп, сақинасы сап тиылып, соңына есі еселеніп, айтыстың сый-сияпатынан да құр қалмайды екен.

– Ондай айтыс – қазір де бар...

– Көке, ол кездегі айтыс та­биғи, айырмасы жер мен көктей. Қазіргінің белгілі бір тақырыбы болады, оған алдын ала мынаны айтам деп жаттау сияқты дайындығы, баруы, сұрыптаудан өтуі, сахнасы, теледидарға түсуі... жеңгемді оған қатыстырамын деп тағы бір ауруын қоздырып алып жүрермін.

Өткенде қызық болды. Ауылға депутаттыққа кандидат едім деп бір шіренген біреу келіп, ел-жұртты жинап жиналыс өткізген екен,  жеңгемнін сақинасына тура кепті... Ойһой, жеңгем әлгі бейбақты ит-терісін басына қаптап, бір жолғы сақинасы сап тиылғаны бар.

– Депутат дедің бе? Е, қазір де­путаттыққа кандидаттықтың қызған шағы. Бұл өзі үзілмейтін үкілі дүние. Әрі кетсе кандидат бітіп, депутат болып орынтағында отырып та олар айтысты үдетеді.

Сондықтан, айтар ақылым – жеңгеңді сақинасы қалай ұстады бітті, екі депутат бас қосып, есең­гіреп отырған передачаға қоса ғой... Өзің жеңгеңе ана екеуімен керілдесудің жөн-жобасын үйретіп іліктіріп жіберсең болды.

– Көке, ақылыңызға құлдық, тек үйдегі теледидар ескі және ауылда бұлдырап жөнді көрсетпейді.

– Әкең ініме бар деген екен, теледидарың мен нән антенаң бізден болсын.

 

* * *

...Ауылға келіп, жеңгемнің сақинасының «арқасында» су жаңа теледидарлы болып, көңіл орнына түскен соң әкемнің айтуымен қаладағы інісіне былай деп хат жазып жібердім:

«Көке, айтқаныңыз анық келіп, как раз теледидардан депутаттық­қа түскен кандидаттардың «дебат» деген айтыс-тартысына дөп түсіп, жеңгем қамшы салдырмай өзі-ақ сайысқа түсті де кетті... «Дебаты» уақытша екен, бір дұрысы теледидардағы жетісіне бір бері­ле­тін «Депутат тынысы» дей ме, әй­теуір депутатты көрсететін бағдар­лама атаулыны жеңгем қадалып көреді, қасарысып пікір жарыстырады. Тіпті болмаса, тыңдап бо­лып барып біздерді отырғызып қо­йып шер-мұңын шерте шермендесі­нен айырылғанда барып сақина­сы сап тиылған болады. Есін жиған­да: «Қаладағы кіші атама құлдық! ­Жақ­сылық етсең бүтін қыл» деген, мына теледидардағы бүгінгі айтысты келесі сақинам ұстанғанша сақтап-жазып қоятын интернетке қосылған бір компьютер беріп жіберсе...» деп қояды...

 

Берік САДЫР