• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Талбесік Кеше

Табиғат тозбасын десек...

20 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда еліміздің орнықты дамуының басты бағыты – табиғи ресурс­­тарды ұтымды пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау, сонымен бірге халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту екені мәлім. Бұл міндет, әсіресе, Батыс Қазақстан өңірінде ерекше маңызға ие. Өйткені Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары табиғи байлыққа бай болғанымен, экологиялық тұрғыдан осал және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы күрделі жағдайды бастан өткеріп отыр. Осыған орай «Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерінің орнықты дамуы: кешенді талдау, концепция, болжамдық бағалау және сценарийлер» атты ғылыми бағдарлама қолға алынып, жасыл даму қағидатына сәйкес кешенді зерттеу жүргізіліп жатыр.

Бағдарлама Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің тапсырысымен орындалды. Жетекші ұйым – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Жобаға еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары қатысып, табиғи ресурстарды тиімді басқару, су тапшылығының алдын алу, жердің деградациясы мен жайылымдардың тозуын тежеу, биоәртүрлілікті сақтау, климаттың өзгеруіне бейімделу бағыт­тары қамтылды. 2023–2025 жылдарға жоспарланған бағдарламаның нәтиже­сінде 50-ден астам ғылыми мақала жарияланып, 4 монография жарық көрді, 37 қорғау құжаты алынды. Сонымен бірге 12 PhD докторы мен 8 магистр даярланды.

Зерттеу барысында аймақтың табиғи-шаруашылық, экологиялық ахуалы кешенді түрде бағаланды. Су ресурстарының көлемі 2050 жылға қарай азаятыны болжанып, Каспий теңізінің деңгейі жылына орта есеппен 10 сантиметрге төмендеп бара жатыр. Топырақтың ауыр металдармен ластануы, жайылымдардың шамадан тыс пайдаланылуы, балық қорының қысқаруы анықталды. Биоәртүрлілік бойынша 8,7 мыңнан астам түрді қамтыған деректер қоры жасалды. Кли­маттық өзгерістер нәтижесінде орташа жылдық температура 2050 жылға қарай 0,4 – 0,6 градусқа көтеріледі деп күтіліп отыр. Ландшафттық-экологиялық бағалау нәтижесінде өңірдің 90 пайызы қанағаттанарлық жағдайда болса, шамамен 10 пайызы дағдарыстық аймақ деп танылды.

Биылғы шілде айында жүргізілген экспедициялық жұмыстарда ғалымдар спутниктік деректерді далалық материал­дармен салыстыру негізінде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының ландшафттық жағдайын жан-жақты зерттеді. Дрондармен түсірілген жоғары дәлдіктегі аэрофото­түсірілім топырақ пен өсімдік жа­мыл­ғысының кеңістіктік құрылымын нақтылауға мүмкіндік берді. Нәтиже-сінде, Батыс Қазақстан облысының жері экологиялық тұрғыдан тұрақты екені анықталса, Ақтөбе облысында әркелкі жағдай байқалды. Атырау облысында орташа тұрақты аймақтар басым болғанымен, экологиялық жағдайы нашар аумақтар да айтарлықтай үлеске ие. Ең осал жағдай Маңғыстау облысында тіркелді, оның 74 пайыздан астам жері экологиялық тұрғыда өте төмен сапада болып бағаланды.

Жүргізілген кешенді зерттеулер Батыс Қазақстан өңіріндегі табиғи-шаруашылық жүйелердің экологиялық жағдайындағы айырмашылықты айқын көрсетті. Әсіресе Маңғыстау, Атырау облыстарында экожүйелердің тұрақтылығы айтарлықтай әлсіреп, табиғи, техногендік факторлардың ықпалы күрделене түскен. Батыс Қазақстан облысының аумағы салыс­тырмалы түрде тұрақты аймақ ретінде ерекшеленді. Бұл қорытындылар аймақ­тағы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және климаттық өзгерістерге бейімделу үшін нақты ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеуге жол ашты. Бағдарлама нәтижелері еліміздің жасыл экономикаға көшу стратегиясына сай, орнықты даму мақсатына қол жеткізуге үлес қосуды қамтамасыз етеді.

 

Айгүл ТОҚБЕРГЕНОВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры