Мемлекет басшысы Үкіметке инженерлердің жаңа буынын тәрбиелеу жөнінде тапсырма берген еді. Осыған орай С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында И.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай-газ университетінің филиалы жұмысын бастады. Еліміздің жастары «Мұнай-газ құбырлары мен мұнай-газ қоймаларын салу және пайдалану», «Мұнай-газ технологиялары», «Мұнай мен газдың табиғи резервуарларын геологиялық модельдеу» мамандықтарында білім алады. Бұл білім беру бағдарламаларының трансферін қамтамасыз етіп, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмысын жүзеге асыруға жол ашады.
Университет ректоры Гүлзада Шакуликованың айтуынша, биыл аталған филиалда еліміздің жастарын 100 білім гранты бөлінген. Мұнай-газ секторына қызығушылық танытқан жастар әлемдік деңгейдегі сапалы білімге қол жеткізді.
«Біз ресейлік әріптестерімізбен арадағы серіктестік арқылы болашақ инженерлер мен кәсіби мамандарды даярлауда жаңа белеске қадам бастық. Филиалда білім алатын жастардан қабылдау емтихандарын И.Губкин атындағы университеттің тәжірибелі профессор-оқытушылар құрамы жүргізді», дейді Г.Шакуликова.
Ресейлік оқу орны филиалының директоры Владимир Майердің пікірінше, қазақстандық студенттер И.Губкин университетінің жетекші профессорлары мен тәжірибелі ғалымдарынан тікелей дәріс алады. Бұл – білім сапасының жоғары деңгейін, сондай-ақ ғылым мен өндірістің өзара тығыз байланысын қамтамасыз ететін зор мүмкіндік.
«Атыраудағы филиалда жергілікті студенттерге бірегей білім беру бағдарламаларын игеру үшін заманауи зертханалар, симуляциялық оқу орталықтары ашылды. Оқу үдерісі теория мен тәжірибені ұштастыруға бағытталады. Студенттер нақты өндірістік үдерістерді модельдеу, зертханалық жұмыстар жүргізу арқылы сапалы білім алып, мұнай-газ саласында жоғары білікті әрі бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасады», дейді В.Майер.
Сондай-ақ С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде болашақ мұнайшыларды даярлайтын оқу-өндірістік полигоны жұмысын бастады. Университет ректоры Гүлзада Шакуликованың дерегіне қарағанда, полигонның аумағы 4 гектарды құрайды.
«Біздің университеттің басты міндеті – мұнай-газ секторына қажетті білікті мамандарды даярлау. Осыған орай мұнай компанияларымен әріптестік интеграция аясында ашылған оқу полигонын жер қойнауын барлау, шикізаттық көмірсутекті өңдеуге дейінгі өндірістік үдерістердің толық циклі бар мұнай-газ өндіру мекемесінің шағын моделі деуге болады. Полигонда жаттығу элементтері өндірістік жағдайларға барынша ұқсас етіп салынды. Студенттердің нақты операциялық міндеттерді шешуге, мұнай-газ технологияларын игеруге мүмкіндігі бар. Мұнда электрлі газбен дәнекерлеуші, токарь, оператор, машинист, басқа да мамандар тәжірибеден өтеді», дейді Г.Шакуликова.
Ректордың мәліметіне сүйенсек, оқу орнында 2015 жылдан бері дуалды оқыту жүйесі қолға алынған. Енді оқу полигонында студенттер жоғары тұтқырлы мұнай өндіру мен өңдеуде жаңа технологияларды меңгереді. Полигон жұмысына жасанды интеллект (AI) элементтері мен цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр. Оның ішінде цифрлық кен орындарының егіздері (digital twins) үдерістерді модельдеуге, тәуекелдерді азайтуға, оқу кезінде шынайы өндірістік жағдайларды қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді. Мұндай ерекшелік студенттерге қондырғылардың жұмысын виртуалды ортада сынап көруге, апаттық жағдайларды болдырмау үшін шешімдерді пысықтауға, тиімді өндірістік стратегияларды әзірлеуге жол ашады.
«Оқу-өндірістік полигоны – батыс аймақта техникалық білім берудің жаңа кезеңінің алғашқы қадамы. Еңбек бастысы, еңбек нарығына бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға зор серпін береді. Полигон заманауи зертханамен, кәсіби дағдыларды жетілдіруге арналған оқу-өндірістік алаңдармен, тәжірибелік қондырғылармен, инновациялық шешімдерді тестілеу алаңдарымен жабдықталды. Жерасты жөндеу жұмыстарын жүргізуді үйрету үшін екі ұңғыма бұрғыланды. Студенттердің таңдаған мамандығына сай практикалық тапсырмаларды орындауы үшін 15 оқу алаңы салынды», дейді университет ректоры.
Атырау облысы