Қазақстан әлемдегі азық-түлік бағасы ең қолжетімді елдердің біріне айналып келеді. Халықаралық Numbeo деректер базасының 2025 жылғы маусым айындағы есебі бойынша еліміз 146 мемлекеттің ішінде 21-орынға көтерілді. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілеу: 2024 жылдың ортасында Қазақстан осы тізімде 34-орында тұрған еді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Азық-түлік бағасын салыстыру арқылы жасалған есепте Нью-Йорктегі баға деңгейі негізгі өлшем ретінде алынады. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстандағы азық-түлік бағасы Нью-Йорктен 72,2%-ға арзан. Демек, елімізде тағам өнімдері шамамен үш есеге жуық қолжетімді. Ал, баға индексі 27,8% деңгейінде қалыптасты. Бұл Қазақстанда азық-түлік құны әлемдік орташа бағадан әлдеқайда төмен екенін білдіреді.
Рейтингтің алғашқы отыздығына Қазақстанмен қатар көршілес елдер де енді:
Өзбекстан – 27,3%; Қырғызстан – 27,1%; Беларусь – 25,5%.Ал Ресей бұл тізімде 35,2% көрсеткішпен 50 орынға жайғасты.Бұл деректер Қазақстанның азық-түлік бағасы бойынша Еуразиялық экономикалық одақ пен Орталық Азияда көш бастап тұрғанын айғақтайды.
Numbeo дерегіне сәйкес, әлемдегі азық-түлік бағасы ең жоғары мемлекеттер қатарында Кайман аралдары (113,9%), Швейцария (111,9%) және Исландия (102,5%) бар. АҚШ-тағы орташа баға Нью-Йорктегі көрсеткіштен төменірек — 71,3% шамасында. Жалпы алғанда, Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінде азық-түлік бағасы Қазақстанмен салыстырғанда бірнеше есе қымбат.Сонымен қатар 2025 жылғы 25 қыркүйектегі мәліметтер бойынша, көптеген дамыған елдерде азық-түлік бағасы Қазақстаннан әлдеқайда жоғары. Мәселен, Швейцарияда азық-түлік Қазақстанға қарағанда 320,8%-ға қымбат, АҚШ-та – 166%-ға және Германияда – 134%-ға жоғары. Ал, ТМД мен Орталық Азия елдерімен салыстырғанда айырмашылық онша үлкен емес, бірақ айқын сезіледі:
Ресейде – +22,3%; Арменияда – +30,4%, Тәжікстанда – +24,3%.Айта кетейік, ең ұқсас баға көрсеткіштері Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжанда тіркелген.
Жекелеген өнімдердің бағасы елдер арасында бірнеше есеге өзгереді. Мысалы, Швейцарияда 1 килограмм сиыр етінің бағасы 48,5 доллар (яғни шамамен 26,3 мың теңге), ал Қазақстанда бар болғаны 6,9 доллар. Бұл жеті есеге жуық айырмашылықты көрсетеді. Сол сияқты тауық еті – 7,6 есе, картоп – 4,5 есе, қызанақ – 3,6 есе, күріш пен алма – 3,1 есе қымбат. Бұл айырмашылық тек азық-түлік бағасында ғана емес, сондай-ақ мейрамхана, тұрғын үй, коммуналдық қызмет және балабақша ақысы сияқты басқа да өмір сүру шығындарында да байқалады.Бағаны талдағанда елдердің табыс деңгейін де ескерген жөн. Numbeo деректері бойынша, Еуропа елдерінде жалақы мен сатып алу қабілеті айтарлықтай жоғары. Мысалы, Германияда орташа айлық табыс (салықтан кейінгі «таза» жалақы) 3,3 мың АҚШ долларынан асады. Ал Қазақстанда орташа таза жалақы – 535,2 доллар шамасында. Бұл Еуропамен салыстырғанда төмен, бірақ Орталық Азия мемлекеттерінің барлығынан жоғары көрсеткіш. Бағаның төмендігіне байланысты қазақстандықтардың сатып алу қабілеті Нью-Йорк деңгейінің 54,9%-ын құрайды. Бұл өңірдегі ең жоғары нәтижелердің бірі.Зерттеу нәтижелері бойынша, Еуропа мен Солтүстік Америкада өмір сүру құны әлдеқайда жоғары, бұл тек азық-түлікке ғана емес, жалпы тұрмыс шығындарына да әсер етеді. Ал Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Беларусь сияқты елдерде баға төмен, бірақ жалақы да салыстырмалы түрде аз. Соған қарамастан, ішкі нарықтағы бағаның қолжетімділігі мен әлеуметтік тұрақтылық халықтың өмір сапасын аймақ деңгейінде тұрақты ұстап тұр.