• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мектеп 17 Қараша, 2025

Түркістан өңірінде 16 жұп егіз бен сыңар бір мектепте оқиды

260 рет
көрсетілді

Өңірде соңғы жылдары қос сәбилі, тіпті үшемді отбасылар саны артқаны байқалған. Бастауыш сыныптан бастап жоғары сыныпқа дейін 16 жұп егіз және сыңар бала оқитын Арыс қаласындағы №32 мектепті тұрғындар «егіздер мектебі» деп атап кеткен, деп жазады Egemen.kz.

«Алматы» телеарнасының хабарлауынша, кейбір сыныптарда мұғалімдерге де оқушыларды ажырату қиын. Солардың ішінде 11-сынып оқушылары Ондасын мен Нұрсипат көзге түскен.

«Мен боксқа қатысамын. Жиі оқу-жаттығу жиындарына, жарыстарға кетемін. Апам сабақты жақсы оқиды, үй тапсырмасына көмектеседі», дейді  Ондасын Асылбеков.

Бұл мектепте бір шаңырақ астында екі буын егіздер оқитын отбасылар да бар. Мысалы, Ақнұр мен Бибінұр – бастауыш сынып оқушылары, ал олардың әпкесі Сара мен ағасы Салман – 8-сыныптың бағдарламасын меңгеріп жүр. Сырт келбеттері ұқсас болғанымен, мінездері бір-біріне мүлде кереғар.

«Мен оқуды жақсы көремін, ал Салман спортқа бейім. Мен ауырсам, ол да өзін жайсыз сезінеді, ал егер ол сырқаттанса – мен де мазасызданамын», дейді Сара мен Салман.

Мұғалімдердің айтуынша, егіз және сыңар балалар командалық рухы жоғары, мейірімді, бір-біріне деген қолдауы ерекше әрі оқу жетістіктері де орташа деңгейден жоғары екен.

«Оларда бауырмалдық сезім айқын. Бір-біріне көмектесуге дайын, мейірімді, ниеттері таза. Жылы жүректі, жанашыр балалар», дейді №32 жалпы орта мектептің директоры Рахима Жүнісова. 

 

Соңғы жаңалықтар