• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 07:50

Су құбырының құрылысы қашан аяқталады?

10 рет
көрсетілді

Тұрғындарының саны шамамен елу мыңға жуықтайтын Талғар қаласында төрт жылдан бері салынып жатқан магистральдық су таратқышының құрылысы әлі күнге дейін аяқталмай келеді.

Қазір нысанда құрылыс жұмыстары тоқтап тұр, бұған қаржының жетіспеуі себеп. Соның салдарынан қаладағы су жүйесіне түсетін жүктеме жыл сайын артып, әсіресе жаз мезгілінде су тап­шылығын айқын сезінеміз дейді өңір тұрғындары.

«Жазда жағдай тіпті қиындайды. Әсіресе 9 қабатты үйлердің жоғарғы қабаттарына су мүлде көтерілмейді, қысым жоқ. Кей кездері кранды ашып қоямыз, су ақпайды, сөйтіп суға жа­рымай, таңдай кеберситін күн­дер болады. Кеңдала мен Ақдала ауылын­дағы саяжайлардың жағдайы одан да қиын. Қала күн сайын өсіп жатыр, ал су жүйесі баяғы қаз-қалпында. Шы­ны­мызды айтсақ, жыл сайын айтыл­ған­мен, шешім таппайтын бұл мәсе­леден әбден шаршадық. Енді осы су таратқыштың тезірек бітіп, іске қосылуын асыға күтеміз. Басқа үміт қалмады», дейді қала тұрғыны Ахат Солтанқұлов

Магистральдық су таратқыш – Талғар қаласына су жеткізетін негізгі жүйе. Бұл жоба іске қосылған жағдайда, ескі құбырлар мен тозған инфрақұрылым­ға түсетін жүктеме азайып, қала тұрақ­ты әрі жеткілікті көлемде ауызсу­мен қам­тылуға тиіс. Алайда құрылыс толық аяқталмағандықтан қала әлі де бұрынғы жүйеге тәуелді болып отыр.

Алматы облысына іссапармен келген Мәжіліс депутаттары Максим Рожин мен Данияр Қасқарауов Талғар қаласына арнайы ат басын бұрып, мәселенің мәнісімен танысты.

«Қазір Талғар қаласында бар бол­ғаны 4 300 текше метрлік резервуар­лық қуат жұмыс істеп тұр. Бұл, әсіресе жаз мез­гілінде қала үшін жеткіліксіз. Ал жаңа жүйе толық іске қосылған жағ­дайда қосымша 7 600 текше метр­ге дейін су жеткізуге мүмкіндік болады. Жоба аясында төрт резервуар салын­ғанымен, су сапасын бақылауға ар­налған зертхана жарты жолда тоқ­тап қалған. Оның ішіндегі негізгі жабдық­тар әлі орнатылмаған. Себебі оған қар­жы бөлінген жоқ», М.Рожин.

Аталған жобаның жалпы құны 4,6 млрд теңгені құрайды. Алайда құ­ры­лысты толық аяқтауға қажет шамамен 1,7 млрд теңге әлі бюджеттен бөлінбеген. Бұл қаражатқа суды хлорлайтын жабдықтар, зертханалық құралдар және негізгі технологиялық құрылғылар сатып алынуға тиіс. Қаржы түспегендіктен, осы жабдықтар алынбай, құрылыс жұмыстары тоқтап тұр.

Мәжіліс депутаттары Талғардағы магистральдық су таратқышты бақы­лауға алатындарын мәлімдеді. Олар жетпей тұрған қаржыны бюджеттен толық әрі уақытында бөлдіру үшін жауапты мемлекеттік органдармен нақты жұмыс жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ бұл нысанды әлеуметтік маңызы бар стратегиялық жоба ретінде белгіленген мерзімде аяқтауды басты мақсат етіп отыр. Аталған жоба толық іске асқан жағдайда, шамамен 50 мыңға жуық тұр­ғын орталықтандырылған, тұрақты әрі сапалы ауызсумен қамтылатын болады.

 

Алматы облысы,

Талғар ауданы