«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Қазақстанда 504 ауыл спутник технологиялары арқылы интернет желісіне қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жобаны Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жүзеге асырды. Бұл бастама талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту немесе ұялы байланыс базалық станцияларын орнату экономикалық және техникалық тұрғыдан мүмкін емес шалғай әрі халқы аз ауылдарды интернетпен қамтуға бағытталған. Осы мақсатта ауылдық елді мекендерде спутник байланыс жүйелері қолданылған.
2023 жылдан бастап «KazSat» спутниктері арқылы 176 ауыл интернетке қосылды. Ал қалған 328 ауыл бейгеостационарлық спутник жүйелері негізінде «OneWeb» технологиясы арқылы, «Jusan Mobile» операторының қатысуымен интернетке қол жеткізді. Нәтижесінде, ұлттық жоба аясында жоспарланған 504 ауылдың барлығы спутниктік интернетпен толық қамтамасыз етілді.
Жобаның іске асырылуы ауыл тұрғындарына онлайн білім алуға, электрондық мемлекеттік қызметтерді пайдалануға, телемедицина мүмкіндіктеріне қол жеткізуге, сондай-ақ жақындарымен үздіксіз байланыс орнатуға жол ашылды.