• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 11:31

Тау-кен металлургия кешені Конституцияны жаңартуды қолдайды

20 рет
көрсетілді

Елдегі Конституциялық реформа және оның әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпалы «Атамекен» ҰКП Төралқасы жанындағы Геология, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетінің отырысында кеңінен талқыланды. Сала өкілдері ұсынылып отырған өзгерістерді қолдап, бизнестің ортақ ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жиынды ашқан «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Қанат Шарлапаев комитет елдің тау-кен металлургиясы кешенін біріктіретінін, бұл салада 200 000-нан астам адам еңбек ететінін атап өтті. Оның айтуынша, нақты секторда жұмыс істейтін еңбек адамдары үшін ең бастысы – тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенім.

Саланы дамыту орнықты реттеу саясатын, түсінікті әрі ашық ережелерді және мемлекетпен үздіксіз диалогті талап етеді. Бұл өз кезегінде жүргізіліп жатқан реформалардың сапасына тікелей байланысты. Қ.Шарлапаев бизнес қауымдастығының топтасуы мен Негізгі заң жобасында жетілдіріліп жатқан нормаларға байыппен қараудың маңызын атап өтті.

«Сот шешімімен ғана»: Тұрғын үй құқығына кепілдікті конституциялық деңгейде күшейту ұсынылды

Комитет төрағасы Николай Радостовец мемлекеттегі жүйелі жаңғырту үдерісіне тоқталды.

«Ел басшылығы қолға алып отырған бастамалар – өзгеріс үшін өзгеріс емес. Бұл – мемлекетті жаңғыртуға, әділетті әрі бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға қажетті қадамдар», деді ол.

Н.Радостовецтің айтуынша, Қазақстан соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп келеді, экономиканың даму қарқыны шамамен 6%-ды құрайды. Жас әрі тәуелсіз мемлекет үшін институттарды нығайтып, ұзақ мерзімді ілгерілеуге негіз қалайтын реформаларды жалғастыру маңызды.

Оның пікірінше, ұсынылып отырған өзгерістердің басты ерекшелігі – адамға басымдық берілуі. Азаматтың құқығы, мүмкіндігі мен бастамасы мемлекеттік саясаттың өзегіне айналмақ. Жаңа Конституция жобасы ашық, заманауи әрі дамуға бағдарланған мемлекет қалыптастыруды көздейді.

«Мен саяси жүйенің жаңаша құрылымға көшкенін көремін – заманауи, институционалдық, дамыған елдерде бұрыннан қалыптасқан қағидаттарға сүйенетін жүйе. Бұл – бағдарламалар бәсекесі, жауапкершілік және қоғамға түсінікті ережелер. Қоғамдық-саяси өмір жекелеген тұлғалардың амбициясына емес, елеулі қолдауға ие бағдарламаларға негізделуі тиіс. Ашық пікірталас пен партиялық бағдарламалар өзара ықпалдастықтың және дамудың тірегіне айналуы қажет. Экономикалық, әлеуметтік және саяси стратегияны қалай құру керектігі жөнінде сындарлы диалог өрістетуіміз керек. Мұндай өзгерістерді қолдау қажет деп санаймын», деді комитет төрағасы.

Жаңа Конституцияда өтпелі кезеңнің барлық рәсімдері нақты жазылады

Республикалық бағалы металдар өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Қанат Баитов Конституциялық реформаның саяси жаңғыру ғана емес, инвестициялық тұрақтылық факторы екенін атап өтті.

«Конституциялық реформа ел экономикасының қалай дамитынына, бизнес пен инвесторлар үшін ережелердің қаншалықты айқын әрі орнықты болатынына тікелей байланысты», деді ол.

К.Баитовтың айтуынша, жоба кіріспесінде және негізгі қағидаттарында заң үстемдігі, жеке меншікті қорғау және мемлекет, бизнес пен қоғам мүдделерінің теңгерімі айқын көрініс тапқан. Тау-кен металлургиясы кешені үшін бұл – тұрақты жұмыс пен дамудың басты шарттары.

«Тау-кен металлургия кешені – ауқымды қаржы талап ететін, инвестициялық циклі ұзақ жобаларға негізделген сала. Сондықтан Конституцияда меншік құқығын, заңдылықты және кәсіпкерлікті қорғау кепілдіктерінің күшейтілуі біз үшін айрықша маңызды. Бұл инвесторлар сенімін арттырып, жұмыс жағдайын болжамды етеді», деді К.Баитов.

Ол сот жүйесінің рөлі мен заң үстемдігі қағидатының маңызын да ерекше атап өтті. Құқықтық және реттеушілік тәуекелдердің азаюы ірі инвестициялық жобаларды іске қосу мен қаржыландыру тартуға тікелей әсер етеді.

«Конституциялық реформалардың әлеуметтік-экономикалық әсері орнықты даму ұстанымымен тығыз байланысты. Бұл – жаңа жұмыс орындарын ашу, өңірлерді дамыту, қосылған құнды арттыру және заманауи технологияларды енгізу. Осы бағыттардың барлығында тау-кен металлургиясы кешені дәстүрлі түрде маңызды рөл атқарады. Сонымен бірге болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік қағидаты жер қойнауын ұтымды әрі жауапты пайдалануға негіз болады, саланы жаңғыртуға және экологиялық тиімді шешімдерді артық реттеусіз енгізуге серпін береді», деп түйіндеді Қанат Баитов.

Жиынға қатысушылар Конституциялық реформаны қолдайтындарын білдіріп, сала өкілдерін қоғамдық талқылауға белсенді қатысуға шақырды.

Енді міндет емес, құқық: Жаңа Конституция жобасында Құрылтайға қатысты норма нақтыланды

Соңғы жаңалықтар