Алматы қаласы 2029 жылы өтетін қысқы Азия ойындарының ресми ұйымдастырушысы болып бекітілді. 5 ақпан күні тиісті құжатқа Италияның Милан қаласында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Азия Олимпиадалық кеңесінің басшысы, мәртебелі Шейх Джоан бин Хамад Әл-Тани қол қойған еді, деп жазады Egemen.kz.
Дүбірлі додаға орай Алматыда жаңа спорттық нысандар салынбайды. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Сенат кулуарында өткен брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, халықаралық іс-шараны өткізу құқығын алмас бұрын Алматыдағы қолданыстағы инфрақұрылымға мониторинг жүргізілген.
«Қолданыстағы спорттық нысандар халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді және Азия ойындарының бағдарламасын толық қамтамасыз ете алады. Сондықтан Азия ойындарын өткізу үшін қосымша жаңа спорт нысандарын салудың қажеті жоқ. Сөзімізге 2011 жылы өткен Азия ойындары мен 2017 жылы өткен 28-қысқы Дүниежүзілік Универсиаданың сәтті ұйымдастырылуы дәлел», деді Серік Жарасбаев.
Келер жылы Астанада УЕФА-ның 51-ші Конгресі өтеді
Сондай-ақ вице-министр көлік ағындарын дұрыс бөлу және жарыс кестесін тиімді құру арқылы келушілер санының артуына байланысты Алматыдағы кептеліс мәселесі қиындық тудырмайтынын да атап өтті.
«2017 жылы біз кептеліс мәселесін тиімді шештік. Жалпы, қала бұл міндетті еңсере алды. Қазақстанның халықаралық спорттық іс-шараларды өткізуде жеткілікті тәжірибесі бар деп ойлаймын, ал жол қозғалысын реттеуде бірлескен әрі үйлестірілген жұмыс бізге көмектеседі», деді ол.
24 айдың жұмысы 11 айда бітті: Алматы метросының жаңа Қалқаман бекеті қашан іске қосылады?