Италияда өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бір алтын медаль жеңіп алды. Дегенмен бірқатар спортшымыз жоғары нәтиже көрсетіп, үздік ондыққа енді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еске салайық, ел қоржынына жалғыз жүлдені мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров салып, Олимпиада чемпионы атанды. Қазақстан құрамасының бірнеше өкілі өз жарыстарында алғашқы ондыққа кірді. Олардың кейбір жетістіктері тарихи маңызға ие болды.
Мәселен, Илья Мизерных тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтижені тіркеді. Шаңғымен үлкен тұғырдан секіруде ол сегізінші орын алып, осы спорт түріндегі ұлттық рекордты жаңартты.
Конькимен жүгіруші Надежда Морозова 3000 метр қашықтықта алтыншы болып мәреге жетті. Бұл - 1998 жылы Людмила Прокашева Олимпиадада қола медаль алғаннан бергі ең жоғары нәтиже. Сонымен қатар Морозова 5000 метрде тоғызыншы, командалық із кесу сайысында сегізінші орын иеленді.
Оның командаласы Елизавета Голубева да үш рет үздік ондыққа енді. Ол 1500 метрде - жетінші, 3000 метрде - оныншы орын алды. Голубева және Морозовамен бірге командалық із кесу сайысында Арина Ильященко да сегізінші нәтиже көрсетті.
Қазақстандық конькимен жүгіруші Евгений Кошкин 500 метр қашықтықта тоғызыншы орынға тұрақтады.
Шорт-трекші Денис Никиша 500 метр қашықтықта жетінші орын алып, жекелей сайыстағы өзінің ең жоғары нәтижесіне қол жеткізді.
Фристайл-акробатикадан аралас командалық бәсекеде Қазақстан құрамасы жетінші болды. Бұл сында Асылхан Асан, Роман Иванов және Аяна Жолдас өнер көрсетті. Айта кетейік, ерлер арасында Роман Иванов 13-орын алып, ұлттық құрама тарихындағы үздік нәтижені жаңартты.
Могулшы Анастасия Городко да үздік ондыққа енді. Ол параллельді могулда ширек финалға дейін жетіп, сегізінші орын алды. Осы дисциплинада Павел Колмаков тоғызыншы сатыға жайғасты.
Мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасында Софья Самоделкина Қазақстан тарихында ең жоғары нәтижені тіркеді. Қысқа және еркін бағдарламаның қорытындысы бойынша ол оныншы орынға тұрақтады.
Жалпы, Милан-Кортина-2026 Олимпиадасында Қазақстан атынан 36 спортшы 10 спорт түрінде сынға түсті.
Қысқы Олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімін қайдан көруге болады?