• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қысқы спорт Бүгін, 11:07

Олимпиада ойындарының жабылу салтанатында Қазақстан туын Михаил Шайдоров алып шықты

20 рет
көрсетілді

Күні кеше Милан және Кортина-2026 қысқы Олимпиада ойындарындары мәресіне жетті. Тарих қойнауына бет алған тағы бір төртжылдықтың басты додасы Италияның Верона қаласында қорытындыланды. Әлемнің 94 елінен 2 917 спортшы бақ сынаған бәсекенің ресми жабылу салтанаты үшін екі мың жылдан астам тарихы бар әрі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Арена ди Верона амфитеатры таңдалған, деп жазады Egemen.kz. 

Салтанатты рәсім «Beauty in Action», қазақшаласақ «Қозғалыстағы сұлулық» тұжырымы аясында өрбіді. Шоу спорт, өнер және табиғаттың өзара үйлесімін паш етуге арналды. Сахнаның негізгі элементі қозғалысты бейнелейтін ерекше құрылым болды. Ол Олимпиада өткен Альпі таулы аймақтары мен Италияның жазықтағы қалаларын байланыстыратын нышан ретінде ұсынылды. Қойылым Верона филармониялық театрында да өтті.

Рәсім барысында жарыстар аяқталғаннан кейінгі бірлікті білдіретін спортшылар шеруі өтіп, қатысушылар өз елдерінің байрағын алып шықты. Айта кетерлігі мұнда ту ұстаушы өкіл жалпы делегаттан бөлек жүріп өтті. Еліміздің көк туын Италия төрінде мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров ұстап шықты. 

Джеки Чан, Геннадий Головкин және Михаил Шайдоров Миланда кездесті

Олимпиада комитетінің мәліметінше, жабылу салтанатының қойылымына 800-ден аса әнші, музыкант және биші қатысты. Арнайы көпдеңгейлі LED-сахна жасалып, костюмдер италиялық опера дәстүріне сай тігілді. Ұйымдастырушылар еріктілердің еңбегін, сондай-ақ спортшылардың Олимпиадаға дейін жүріп өткен ұзақ әрі қиын жолын айрықша атап өтті. Мәдени бағдарламада италиялық әнші Акилле Лауро, актриса Бенедетта Поркароли, диджей әрі продюсер Габри Понте және өзге де өнерпаздар өнер көрсетті. Әлемдік балет жұлдызы Роберто Болле жетекшілік еткен әсерлі хореографиялық шығарма кештің ерекше сәттерінің біріне айналды.

Үздік ондық: қазақстандық спортшылар 2026 жылғы Олимпиадада үздіктер қатарынан көрінді

Келесі қысқы Олимпиада ойындарын Франция қабылдайды

Дәстүр бойынша салтанатты рәсімнің негізгі бөлігі аяқталған соң Олимпиада туы түсіріліп, келесі қысқы Олимпиаданы қабылдайтын Франция өкілдеріне табысталды. 2030 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары осы мемлекетте өтеді. Сондай-ақ ұйымдастырушы ел алдағы доданың «Таң шуағы» атты таныстырылымын ұсынды. Одан кейін италиялық сазгер Людовико Эйнаудидің әуенімен Милан мен Кортинада жанған 2026 жылғы Олимпиада алауы сөндірілді.

Айта кетейік, Италиядағы қысқы Олимпиада ойындарында 18 алтын, 12 күміс, 11 қола медальмен Норвегия елі көш бастады. 12 алтын, 12 күміс, 9 қола жүлдемен АҚШ құрамасы екінші орынға жайғасты. Үздік үштікті 10 алтын, 7 күміс, 3 қола иеленген Нидерланды спортшылары түйіндеді.

Ал еліміз 1 алтын медальмен жалпыкомандалық есепте 19-орын алды. Бұл – 1994 жылғы Лиллехаммер Олимпиадасынан кейінгі үздік көрсеткіш (12-орын). Миланда қоржынға жалғыз жүлдені мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров салды. Ол – спорттың осы түрінен Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш отандасымыз. Осыған дейін бұл спорт түрінен Қазақстан қоржынында тек қола жүлде болған. Аталған жүлдені 2014 жылғы қысқы Олимпиадада Денис Тен салған еді.

Соңғы жаңалықтар