• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:50

Түтінге тұншыққан Өскемен

10 рет
көрсетілді

Төрт күн түтін басқан Өскеменнің өкпесі енді ашылғанымен, тұрғындардың тамағы қырып, әлі күрк-күрк жөтеліп жүр. Дегенмен дәрігерлер түтіннен тамақ күйген тұрғындар қабылдауға келмегенін айтады. Тіпті тамақ күю деген диагноздың қойылуы да сирек көрінеді. Күндердің күні экономика деп жүріп, экологиямызды құртып алмаймыз ба?

Әлбетте, будақ-будақ түтін шығып жатқан зауыттарды бас­қа орынға көшіріп жіберу мүм­кін емес. Қыстың күні тәулігі­не мыңдаған тонна көмірді күл ете­тін жылу қазандықтарына да тос­қауыл бола алмаймыз. Жасыл жүйеге көшу-көшпеуіміз бү­гінгінің сұрағы болғанымен, жа­уабы болашақта. Қазіргі жағ­дайда не істеуіміз керек? Тұр­­ғын­дар дабыл қаққанымен, өнді­ріс ошақтары дамыл таппайды.

Иә, бұл тақырыпты қалай қаузасақ та, нүктесін қоя алмай­мыз. Бар алаңдайтынымыз – халықтың денсаулығы. Осы жолы жел тұрмаса, түтін тұ­на­­тын Өскеменде қолайсыз ме­тео­­­­рологиялық күн райында сабақ­ қашықтан оқыты­лып, оқу­шыларды сақтандыруға барынша тырысты. Айта кетейік, былтыр облыс әкімдігі мен өн­діріс орындарының басшы­лары екіжақты меморандумға қол қойысқан. Яғни қандай да экологиялық бұзушылықтан күмән туса, арнайы мамандар кез келген уақытта белгілі өнді­ріс ошағына еш кедергісіз тексеру жүргізе алады. Бұл жолы экология департаменті не істей алды?

Облыс әкімдігі ұсынған ақпа­ратқа көз салсақ, қолайсыз метео­рологиялық жағдайлар кезеңінде меморандумға сәйкес экология департаменті екі тәулік бойы кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймақтарында үздіксіз мониторинг жүргізіп, атмосфера­лық ауаның ластану көзін анық­тау мақсатында тексерістер жүр­гізді. Бірақ жүргізілген өл­шеулер нәтижелері бойынша кәсіпорындардың қызметіне тікелей қатысты шекті рұқсат етіл­ген концентрациялардың асып кету фактілері тіркел­меді. Осыған байланысты кәсіп­орын­дардың өндірістік көз­дерінде қосымша өлшеулер жүргізілген жоқ.

Егер санитарлық-қорғау аймақ­тарында екінші тәулікте де шекті рұқсат етілген концентра­циялардың асып кетуі анықталса, меморандум шеңберінде уәкі­летті мемлекеттік органдардың қатысуымен арнайы комиссия құрылады. Комиссия ықтимал ластаушы кәсіпорынға барып, жағдайды жан-жақты зерделеп, қол­даныстағы экологиялық заң­намаға сәйкес тиісті шаралар қабылдайды.

Мамандардың айтуынша, желдің болмауынан Ертіс пен Үлбі өзендерінен көтерілген бу түтінмен араласып, қаланың үстін тұмшалаған. Мұндай күндері кей­бір кәсіпорындар өндіріс көле­мін, шығарындыларды азайтуға тырысты.

«Қазірде мамандар ауа сапа­сы нашарлаған жағдайда ірі кә­сіп­­орындарға кез келген уақыт­­та тексеру жүргізе алады. Бірақ жеке үйлердегі пештер, жылу орталықтары мен көлік­тер қал­пынша жұмыс істей береді. Әдет­те жел болмай, қала­дағы тү­тін тар­­қамайды», дейді облыс­тық эко­логия департаменті­нің бас­пасөз хатшысы Аружан Мұсаханова.

Айта кетерлігі, ауаны ірі зауыттар ғана ластап жатқан жоқ. Мамандардың мәліметінше, жылына ауаға 160 мың тонна зиян­ды заттар таралады. Оның 50 мыңы ғана кәсіпорындарға тиесілі. Ал қалғаны – автокө­лік түтіні мен жер үйлердегі пештен шығатын қалдықтар. Бұл шығарындылардың адам ден­саулығына қаншалықты қауіпті екенін экологтер жаңа мобильді зертхананың көмегімен анық­­тап та көрген. Анықталғандай, қа­ла­дағы ең лас аудан – Менов­ное шағын ауданы.

«Шаң-тозаң өкпеге еніп, қан айналымы арқылы бүкіл ағзаға тарайды. Ұзақ уақыт онымен ты­ныстаған жағдайда жүрек-қан тамырлары аурулары туындауы мүмкін. Жергілікті билік жеке секторды кезең-кезеңімен орталық жылу жүйесіне қосу­ды жос­парлап отыр. Бұл мақ­сатта шағын қазандықтар салу көз­делген», дей­ді экология депар­таменті зертханасының жетекшісі Фархат Кнасилов.

Жалпы, дәрігерлер Өскемен ауасының адам денсаулығына бәлендей зияны жоқ деседі.

«Аймақтың денсаулық сақтау ұйымдарында «ингаляциялық ауадағы химиялық заттардың әсе­рінен туындаған жоғарғы тыныс жолдарының зақымдануы» диагнозы тіркелген емес. Қазір биылғы жылдың өткен кезеңін­де жоғарғы тыныс жолдары­ның аурулары туралы статистика­лық ақпаратты талдау жөніндегі жұмыс жүргізіліп жатыр», дейді облыстың бас терапеві Михаил Бугайцов.

Демек, қаланы қалың тұман басқанымен, көрсеткіш шек­ті деңгейден асқанымен, тұр­ғын­дардың алаңдауына негіз жоқ. Қолайсыз метеожағдайда тұм­шаланып үйге қамалғаннан бас­қа амал жоқ. Айта кетелік, был­тыр ұзын саны 112 күн метео­қолайсыз жағдай болған. Қала әкімдігі ауаның ластануын азайту мақсатында жеке тұрғын ­үй­лерді орталықтандырыл­ған қазандықтарға қосып, 12 электробус сатып алуды көздеп отыр.

 

ӨСКЕМЕН

Соңғы жаңалықтар