Ішкі істер министрлігі 1414 нөмірінен келетін SMS-хабарламалар арқылы жасалатын алаяқтық деректерінің жиілегенін хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Хабарлама арқылы код алған азамат бірден психологиялық қысымға тап болады. Артынша алаяқтар қоңырау шалып, өздерін банк, пошта, салық органдары немесе құқық қорғау құрылымдарының қызметкері ретінде таныстырып, түрлі қосымшаларды орнатуға немесе күмәнді сілтемелерге өтуге үгіттейді.
«Олар азаматтарды «жеке деректеріңіз ұрланды» деп сендіріп, шұғыл түрде ақша аударуды немесе несие рәсімдеуді талап етеді. Алайда бұл – психологиялық айла ғана. 1414 нөмірінен келген SMS несиенің алынғанын аңғартпайды. Себебі банктер өздерінің көпсатылы қорғаныс жүйелерін қолданады. Көбіне егде жастағы адамдар жәбірленуші болып қалады. Оларды депозиттегі қаражатын шешіп алуға, «сақтандыру шотына» аударуға, мүлкін сатуға немесе кепілге қоюға көндіреді. Алаяқтар қаражатты курьерлер немесе мессенджерлер арқылы иемденеді», деді Алматы қаласы ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.
Ұлттық банк ескертеді: Төлем картасын бұғаттау арқылы жасалатын алаяқтық көбейді
Сонымен қатар Әнес Қалдыбаевтың айтуынша, интернет арқылы тауар сату және жалған инвестициялық ұсыныстарға қатысты схемалар да кең таралған. Қаскөйлер төмен баға немесе жоғары табыс уәде етіп, алдын ала төлем талап етеді, кейін байланысқа шықпай қояды.
Аса ірі көлемде алаяқтық жасаған Қазақстан азаматы Түркиядан экстрадицияланды
Сондай-ақ «туысыңыз жол-көлік оқиғасына түсті» деген мазмұндағы қоңыраулар арқылы эмоционалдық қысым жасап, ақша бопсалау фактілері кездеседі.
«Ең басты қағида – жеке деректеріңізді, банк карталарының реквизиттерін және келген кодтарды ешкімге хабарламау. Қоңырау шалушы өзін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырса да, ақпаратты өзіңіз дербес тексеріңіз. Психологиялық қысым мен манипуляцияға берілмеңіз», деді Әнес Қалдыбаев.
Интернет-алаяқтыққа қарсы нақты нәтиже: Жетісуда 600 мың теңге қайтарылды