• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Зерде Бүгін, 08:20

Сіз кімсіз, Каратон?

20 рет
көрсетілді

Бұл мақалада Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Италияны азат етуге қатысқан кеңес жауынгерін анықтауға бағытталған қазақ пен италиян зерттеушілерінің бірлескен ізденісі туралы баяндалады. Мақаланы жазуға ондаған жыл бойы жат жерде жүрек түкпірінде сақталған ерлік, яғни Каратон есімді азаматтың ерен ерлігі себеп болды.

2019 жылғы мамыр айында Болонья қаласында кешенді ғылыми экспедиция өтті. Осы экспедиция барысында италиялық іздеушілер Клаудио Спано мен Франческа Кандиолимен кез­дестік. Олар экспедиция құра­мында Қазақстаннан келген зерт­теуші бар екенін естіп, жолығуға ниет білдірді.

Оларды Каратон есімді кеңес партизаны қызықтырады екен. Айтуынша, партизан Каратон 1944 жылғы шілде айы­нан 29 қыркүйекке дейін «Стелла Росса-Лупо» бригадасы құра­мын­да соғысыпты. Ал 10-30 қа­зан аралығында Гарибальдидің 63-бри­гадасы – «Болеро» сапында шайқасыпты. 1944 жылғы 30 қа­занда Болонья маңындағы Кас­тельдеболе елді мекенінде болған ұрыста қаза тауыпты. Деректерде оның қаза тапқан күніне қатысты әртүрлі мәлімет кездеседі. Соған қарағанда бұл тақырып әлі де тыңғылықты зерттеуді қажет етеді.

Бір қызығы, соғыстың аяқталға­нына 80 жылдан асса да, оның есімі италиялықтардың есінде. Каратонның ерлігі мен есімі әлі күнге дейін құрметпен аталады. Италиян коммунистері мен партизандарының естеліктерінде Каратонның италиян және неміс тілдерін еркін меңгергені айтылады. Сырт келбетіне қарағанда жасы шамамен 25-35 аралығында болған. Соғыс адамды ерте есей­тетіні белгілі. Сол себепті оның нақты жасын білу де мүмкін болмаған.

Италияндар оны кеңес офи­цері, бәлкім лейтенант шеніндегі әскери қызметкер болуы мүмкін деп болжайды. 1944 жылғы көк­темде Солтүстік Италиядағы ал­ғашқы азат етілген аумақ – Мон­тефиорино партизан республикасы құрамында соғысқан деген де дерек бар.

Осы сапарымызда Қарсылық қозғалысының ардагерлері Марио Нанни мен Франко Фонтанамен жүздесудің сәті түсті. Олардың бірінің жасы 97-де, екіншісі 91-де болса да, зейіні керемет еді. Әрбір детальды, әрбір сәтті жан-жүре­гімен қайта кешкендей әсерлі әңгімелеп берді.

Олардың айтуынша, Каратон жеке-дара әрекет еткен. Яғни неміс солдаттарын оқ шығармай, пышақпен ғана жайратып отыр­ған. Ол мұндай қиын тәсілге өзіне назар аудартпау, қару-жарақты үнемдеу мақсатында барған екен. Сондай-ақ оның жауырынында тыртық іздері болыпты. Соған қарағанда тұтқынға түскен кезінде қатты азап шексе керек.

Қимыл-әрекеті сон­дай қатал болса да, жаны нә­зік көрінеді. Верди мен Рос­синидің операларынан ариялар, сондай-ақ италия­н әндерін тыңдағанды ұнататын. Монте-Соледегі ұрыстан кейін «Қызыл жұлдыз» жасағының көптеген жауынгері одақтастар жағына өтеді. Алайда Каратон бұдан түбегейлі бас тартқан. Жеке басының амандығын ғана ойламады. Сөйтіп, оккупацияланған Болоньяға қайта барып, италиян жолдастарымен бірге күресті әрі қарай жалғастырады.

Қандыкөйлек жолдастары оның тәжірибелі шабандоз болғанын да айтып берді. Соған қарап олар Каратонның дала мәдениетін бойына жұқтырғанын, ат үстінде ержеткенін түсіне қойыпты. Енді оның ұлты қандай екенін білуге құмарта түсіпті. Италиян партизандары Каратон қазақ болуы мүмкін деген пікірге тоқтапты. Себебі болжам бойын­ша, ол 162-Түркістан жаяу әскер дивизиясының құрамында болып, кейін Тоскана, Эмилия-Романья, Романья өңірлеріндегі партизандар жағына өтсе керек. Осы деректер ізденісімізді әрі қарай жалғай түсті.

Біз Болонья архивтерінде болып, зерттеу жүргіздік. Сол кезде соғыста ерекше ерлігі­мен көзге түскен кеңес жауын­геріне қатысты құжаттарды тап­тық. Монтефиорино респуб­ликасындағы шайқастар туралы рапорттарда айрықша батылдық көрсеткен кеңес сарбазының аты аталады.

Монтефиориноның италиян­дардың Қарсылық қозғалысы шежіресіндегі орны айрықша. 1944 жылғы жаз-күз айында Мо­дена провинциясының азат етілген аумағында алғашқы партизан республикасы құрылған. Осы партизан тобын құруда кеңес офицері Владимир Переладов маңызды рөл атқарған. Ол «Қызыл жұлдыз» атты орыс соққы батальонын басқарған. Батальон құрамында жүздеген кеңес азаматы болған. Бұл жасақ ондаған көпірді жарып, жүздеген техниканы жойған. Көптеген гарнизонды талқандап, мыңдаған сарбазды тұтқындаған. Переладов өзінің жүріп өткен жолы туралы «Орыс гарибальдичінің жазбалары» деген еңбегінде баяндаған.

Құжаттар мен естеліктерді зерделей келе, мынадай ойға бе­кідік: Каратон Қазақстанда туған болуы әбден мүмкін. Архив деректері мен италиян партизандары айтқан естеліктерді салыс­тыра келгенде Каратон есімді партизан Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының тумасы Нұрмаш Қаратоун (Қаратауов) болуы ықтимал деген қорытындыға келдік.

ОБД «Мемориал» дерек­қорынан іздеп көріп едік, мұн­дай есімді жауынгер туралы мәліметтер бар екен. Ресей Фе­дерациясы Қорғаныс министр­лігінің Орталық архиві (58-қор, 818883-тізім, 1139-іс) деректерінде Нұрмаш Қаратоунның 1900 жылы өмірге келгені, Батыс Қазақстан облысы Жаңақала аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге алынғаны жазылыпты. Жұбайының аты Дарқаш деп көрсетілген. Нұрмаш алдымен 6-атты әскер атқыштар дивизиясының 84-атқыштар полкінде қызыләскер қата­рында болған. Құжаттарда көрсе­тіл­гендей, 1942 жылғы 4 шілдеде хабар-ошарсыз кеткен. Соған қарағанда 1942 жылы қоршауда қалып, тұтқынға түскен болуы мүмкін. Кейін тұтқындар лагерьлерінен қашып шығып, Италиядағы Қарсылық қозғалысына барып қосылған болуы ғажап емес. Өйткені тарихта мұндай жағдай жиі болған.

Алайда бұл біздің болжам ғана еді. Болжамды нақтылау мақсатында Жаңақала аудандық әкімдігіне жүгіндік. Аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин мен әкімдік қызметкерлері бастамамызға ықыласпен қарады. Олар осы ауданға қарасты бір ауылда Нұрмаш Қаратауовтың қартайған қызы тұратынын анықтады. Әкім ол кісіге арнайы барып жолықты. Өкінішке қарай, кейуананың көзі көрмейді екен. Сол себепті портретке қарап, әкесін анықтау мүмкін болмады. Тіпті ауыл­да сол кісіден басқа соғыстың тірі куәгерлері де қалмаған екен.

Алайда Болоньяға сапарымыз сәтті болды. Қазақ азаматының алыстағы елде ерліктің ерен үлгісін көрсет­кенін білдік. Арада қаншама жыл өтсе де, хабар-ошарсыз кет­кен жауынгердің есімін қайта тірілттік. Осылайша, деректі анықтауды ғана емес, ұмыт болған тарихты қайта тірілтуге тырыстық. Сапар барысында жиналған материалдар «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтар: шетел архивтеріндегі құжаттар» жинағының екінші томында (Алматы, 2020) жария­ланды. Сол кездегі пандемия аталған жинақты толыққанды таныстыруға мүмкіндік бермеді, алайда ғылыми ізденісіміз тоқ­таған жоқ. Себебі соғысқа қатысты тың деректер неміс және италиян архивтерінде әлі де болуы мүмкін. Германия мен Италиядағы серіктестердің қолдауымен халықаралық зерттеу тобы құрылды. Осы топ батырдың тұлғасын нақтылауға бағытталған жобаларды жүзеге асыру бағытында жұмысын жалғастырып жатыр.

Каратон тарихы бір адамның ғана өмірбаяны емес. Ол – тарихи әділетті қалпына келтіруге деген ұмтылыс. Бұл – қазақ жерінен майданға аттанған жауынгерлердің Еуропаны азат ету жолында шайқасып, жанын қиғанын дәлелдейтін айғақ. Сол себепті олардың ерлігі туған елінен тыс жерде әлі де құрметпен еске алынады. Есімдер ұмытылуы мүмкін, құжаттар да бір архивтен екінші архивке ауысуы ғажап емес. Алайда жад ешқашан өлмейді. Егер ондаған жылдан кейін италиян зерттеушілері қазақ жерінен шыққан жауынгерді іздеп жүрсе, демек оның ерлігі зая кетпегені. Ақиқат міндетті түрде айқындалады. Себебі ерлік ешқашан ескірмейді.

 

Гүлнара МЕҢДІҚҰЛОВА,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Соңғы жаңалықтар