• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Зерде Бүгін, 08:33

Әлихан Бөкейхан және Лев Толстой: даналық үйлесімі

10 рет
көрсетілді

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш көшбасшысы, энциклопедиялық деңгейдегі оқымысты, біртуар қаламгер, ғалым Әлихан Бөкейхан 1900 жылы «Дала уалаятының газеті» басылымының 10-нөміріне әлемдік классик Л.Н. Толстойдан аударған «Сурат кофейнесі» атты тәлімді еңбегін жария­лады. Арада 13 жыл өткен соң 1913 жылы «Қазақ» газетінің 1, 3, 4 сандарында «Оқшау сөз» айдармен бұл әңгіме «Дін таласы (Сурат кафеханасы)» деген атаумен толығып жарық көрді. Мұны қайта жаңғырған тәржіме деген дұрыс. Аударма соңына Ә.Бөкейхан: «Бұл сөз адам баласының бәріне ағайыншылық көзбен қараған орыстың ұлы философы Толстой сөзінен алынды. Ол Бернарден Десан Пиер дегеннің сөзінен алған екен», деп көрсетеді. «Le café de Surate» авторы француз жазушысы Бернар­ден де Сен-Пьер (1737–1814) бұл әңгімесін 1791 жылы жазыпты. Лев Толстой оны 1893 жылы аударып, «Северный вестник» журналына бастырады. Ә.Бөкейхан осы орысша нұсқадан тәржімелеген.

Әңгіме Үнді жерінің Сурат қаласындағы кофеханада әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған адамдарының дін, жаратқан туралы таласынан өрбиді. Ең әуелі, дау Иран елінің патшасынан қуғынға ұшы­ра­ған тәңіршіл ғалымның қасындағы қара құ­лына: «Құдай бар дейсің бе, жоқ дейсің бе?» деген сауалынан басталады. Құлы беліне қыстырған кішкене ағашын алып шығып: «Құдай бар, ол – міне. Бұл – менің Құдайым!» деп, өз елінде өсетін «әулие» ағашының бұтағын көрсетеді. Бұл әңгімені естіп отырған брахма дініндегі адам: «Құдай адамның беліне қыстырып жүруге келе ме?», деп сынайды. Содан брахманы иудей (еврей), иудейді католик, католикті протестант, протестантты исламның суннит мазхабының өкілі сынап, бірінің айтқанын бірі жоққа шығарып, өз дінін басқа діннен биік санап, пікір таласады. Құдайды әркім өзіне иеленгісі келіп, бұл сауалдың соңы дау-дамайға ұласады. Айғай-шуға араласпай, сырттан бақылап отырған жалғыз адам – Конфуций ілімін ұстанған бір қытай ғана еді. Кімнің дінінің дұрыс-бұрыстығын, Құдай кімнің жағында екендігін біле алмай әлек болған Сурат кофеханасындағы дау-дамайшылар осы қытайдан ақырғы шешімді айтуын сұрайды. Әлгі қытай әңгіменің желісін арыдан бастайды. Ол ағылшын кемесімен Жер шарын айналып, осы Сурат қаласына келе жатқан сапарында «Күннің не екенін» зерттеймін деп, күнге ұзақ қараған себепті екі көзі де соқыр болған бір адамды кезіктіргенін айтады. Ол Күннің не екенін білу үшін оған ұзақ уақыт бойына көз алмай қарап, ақыр соңында екі көзі де көр соқыр болып қалған екен. Сөйтіп, Күннің көзін көре алмаған себепті «Күн жоқ» деген шешімге келеді. Күннің жоқ екеніне айналасын сендіргісі келіп, құлынан: «Күн деген не зат? Күн бар болса неге айнала қараңғы?», деп сұрайды. Құлы: «Міне менің күнім» деп ағаштан жасап алған шамшырағын көрсетіп, «маған бұдан басқа Күннің де керегі жоқ», деп қожайынының сұрағына жауап береді. Құл­дың жауабына разы болмаған бір ақсақ күнді өз ауылының маңындағы жа­рық сәуле деп, ақсақ шалға балықшы, балық­шыға үнділік қарсы шығып, күннің не екенін түсіндіре алмай әлек болған адам­дар, ақыр соңында бірінің кемшілігін бірі бетіне басып, бірін бірі айыптап, күн­ді әркім өз ауласына, өз аумағына сый­дырғысы келеді. Соңында, кеменің думан­шысы жердің күнді айналатынын және тек жер ғана емес басқа да көптеген ғаламшардың алып күнді айналатынын айтып, ғылыми дәлелмен сөзін түйіндейді.

Көркем тәржіме – аудармашының маң­дай тері. Кез келген автордың туын­ды­сын басқа тілге аудару үшін аудар­машы екі халықтың арасында таным­дық, психологиялық, тілдік, әдеби ерек­ше­лік­тер­ге сәйкес дәнекерлік қызмет атқа­рады. Әлихан Бөкейхан аудармашы ретінде француз жазушысы Бернар­ден де Сен-Пьерден орысшаға тәржімеленген Лев Толс­тойдың бұл аудармасының негізгі идея­сын дәл бере алды деп ойлаймыз. Әңгіменің негізгі мақсаты – діни таласқа нүкте қойып, адамдарды бірін-бірі сый­лауға, бір-бірінің наным-сеніміне құр­мет­пен қарап, толерантты болуға жұмыл­дыру. Ал ізгілікке жетелейтін бірден-бір төте жол – ғылым игеру. Адамзатқа түсініксіз, жұм­бақ болып келген құбылыстардың жауа­бын ғылым арқылы іздеп, соңғы нүк­те­сін де ғылым арқылы қою керек деген ойды автор бәрінен дұрыс санайтынын астарлап жеткізеді.

Біз Ә.Бөкейханның аудармашы ретін­де­гі қабілетінің қай дәрежеде екеніне нақты баға беру мақсатында 1900 жылы «Дала уалаяты газетінде» жарияланған «Сурат кофейнесі» аудармасы мен 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Дін таласы» аудармасын салыстырдық. Екі кезеңдегі жарияланған бұл әңгімені салыс­ты­ру­дағы ойымыз  Әлихан қолтаңбасының тілдік, стильдік ерекшеліктері мен ХХ ғасыр басындағы жазба әдебиетінің қалыптасу ерекшелігіне барынша назар аудару еді (1-кесте).

1-кесте. Л.Н.Толстойдың «Суратская кофейная» әңгімесіндегі ел, жер, түрлі маман иелері мен кейбір атаулардың Ә.Бөкейхан аудармасындағы нұсқасы

Л.Толстой нұсқасы

«Дала уалаятының газеті»

«Қазақ» газеті

Индийском городе

Индия

Үнді жері

Персия

Персия

Иран

Брамин

Брамин (Брама)

Брахма дініндегі біреу

река Гангеса

Ганга өзені

Ғанғыс дариясы

храм

храмдар

ғибадатханалар

жрец

жрец

абыз

Иерусалим

Иерусалим

Құдыс

спасение

ұжмақ

сауап жол

Иисус

Ғайса

Иса

турок

түркі

түрік

последователи Али

Әзірет Әлиді пайғамбар дегендер

Сунни мазһабындағылары, Шийт мазһабындағылар

неверные

арам

кәпір

Бог

Құдай

Хақ Құдай, Алла, Ұлық Тәңірі

ученик Конфуция

Конфуцияның шәкірті

Конфутси мазһабындағы

Англия

Англия

Ағылшын

шалаш

күрке

үй

Индеец

Индия адамы

Үнділік

дева

дева

диуа

горы Сперувя

Сперувя (деген алтын тау)

Аспаруа (деген алтын тау)

Египет

Египет

Мысыр

Черное море

Черни теңіз

Қара теңіз

Арабия

Арабия

Арабстан

кормчий

кеме бастығы

думаншы

купели

храмның төбе тақтайы

ғибадатхана күмбездері

Бұл салыстырулардан 1900 жылға қара­ғанда 1913 жылы Әлиханның сөздік қоры дамып, стилі толыққаны бай­қа­лады. «Сөздік қоры дамып» деп айтуы­мыз­дың себебі, алаштану ғылым саласында «Әлиханның қазақ тіліндегі мақа­ла­­ларынан қарағанда орыс тіліндегі мақа­­лалары сәтті шығып отырған» деген пі­кірдің бар екені белгілі. Мұндай пікір­дің болу себебі, Әлиханның алғашқы пуб­лицистикалық мақалалары орыс тілін­де жарияланып отырды да, қазақ тілін­де жазылған мақалалары аз болды. Сол себепті де Әлиханның жазба тілі орысша қа­лыптасып қалғаны белгілі. Бірақ бұл оның қазақша жазба тілінің нашар болғанының көрсеткіші емес. Салыс­тырудан аңғарылатыны: аудармадан арада он үш жыл өткен соң орыс тілінің көлең­ке­сінен біртіндеп шыға бастаған. Яғни ел, жер, қала атаулары мен кейбір өзге тілден енген сөздер толықтай қазақшаланған (2-кесте).

2-кесте. Екі кезең аудармасында етістік пен зат есімнің көрінісі

Л.Толстой нұсқасы

1900 жылғы аударма

1913 жылғы аударма

перебил

кие соқты / кейіп кетті

сөзін бөліп жіберді /  бөліп айтты

истина

түзік

хақ

рыбак

аушы

балықшы

кофейная

кофейне

кафехана

ходивший за ним

көтінен қалмайтын

соңында еріп жүретін

сел на камень

тасқа көтін қойып отырды

Отырды

опиум начал расшевеливать его мозг

ақылы сергеліп (апиын ішкен соң)

апиын миына тиіп

безумец

ақылсыз

жарым ақыл

любить больше других

артықшы жақсы көру

артық көру

спасение

ұжмақ

сауап

поддержать

болысу

қостау

завладеть

билеу

қолға түсіру

бутылка

бөтелке

шыны

совершенно уверился

иланды

нанды

ночник

білте

білте шам

море

мұхит

теңіз

 

Екі аударманы салыстырғанда Ә.Бөкей­хан­ аудармасы 1913 жылы шымыр­лан­ғанын, толыққанын байқаймыз. Себебі мұн­да аударманың мазмұны мен идеясы сақ­­талып, қазақша баламасы нақты және әде­би тілге барынша жақындай түскен. Мы­салы, 1900 жылғы нұсқада «кофейне» – 1913 жылғы нұсқада «кафехана», «аушы» – «балықшы», «артықша жақсы көру» – «артық көру», «бөтелке» – «шыны» деп сәтті аударылған. Бұдан Алаш зиялылары кезеңінде білім-ғылымның, руханияттың түрлі саласымен бірге көркем аударма да біршама дами түскенін көреміз (3-кесте).

3-кесте. Аудармашының екі кезеңде қазақ тілі заңдылығына сай сөйлем құру ерекшелігі

Л.Толстой нұсқасы

 

Ә.Бөкейхан, 1900 жылғы аударма

Ә.Бөкейхан, 1913 жылғы аударма

– ...а бог, как и обещал, соберет опять народ свой в Иерусалим с тем, чтобы восстановить чудо древности, Иерусалимский храм, поставить Израиля владыкой над всеми народами

– Құдай өзі уағда берген: жебрей жұртын Иерусалимге жиып, тамам жұртқа хүкімші қояды деп

– Бізге жіберген Құдайдың уағдасы бар: «Құдысқа қайтадан жиып, Құдыс ғибадатханасын қайта орнатып, басқа жұрттың үстінен үкіміңді жүргізіп қоямын» деген

– Как можете вы говорить, что спасение возможно только в вашем исповедании?

– Қалайша сөйлейсің, сенің дініңнен тысқары ұжмақ жоқ деп?!

– Қалайша сіз жалғыз сауап жол өздеріңде дейсіңдер?

– Когда же он стал совсем слеп, тогда уже совершенно уверился в том, что солнца нет

– Әбден соқыр болып алып, алаңсыз иланды «күн жоқ!» деп

– Көзден айрылған соң күн жоқ дегенім рас екен деп нанды да қойды.

– Ну, что, раб, правду я тебе сказал, что нет солнца?

– Қалай, құлым, мен саған рас айтуым: күн жоқ, – деп

– Күн жоқ дегенім рас емес пе?

– ... если бы смотрел вверх на небо, а не себе под ноги и не думал бы, что солнце светит только для одного него или для одной его родины

– ...егер жоғары қарасаңыздар, аяқ астарына қарамай, мұны білген соң ойламас едіңіздер: күн жалғыз-ақ маған,  менің жеріме жарық деп

– ...көзтарлық етіп, аяқтардың астына қарамай, жоғары күнге қарасаңдар, осы айтқанның бәрін де һәр қайсысың оп-оңай-ақ түсінер едің

«Бір ғасырдың екі кезеңінде жасалған аударма неге екі түрлі?» деген сұраққа Ә.Бөкей­ханның тек саясатта ғана емес, шы­ғар­­машылықта да үнемі ізденгенін, білім қорын толықтырғанын алға тартар едік. Мұны тарата айтсақ: 1) Бұл екі кезең­де алғашқысы – қазақ әдеби жазба тілі­нің қалыптаса қоймаған уақыты болса, екіншісі – қа­лыптасқан кезеңі дер едік; 2) Аударма, көркем аударма саласының қалыптасу үде­рісін аңғарамыз; 3) Аудармашының әдеби мәтіндерді беруде, аударуда әдеби тілі­­нің бірте-бірте жаттыққанын, төселгенін көреміз.

«Ну, что, раб, правду я тебе сказал, что нет солнца?» де­ген Л.Толс­тойдың аудармасын Ә.Бөкей­хан ал­ғашқы нұсқасында: «Қалай, құ­лым, мен са­ған рас айтуым: күн жоқ деп»  деген қа­­лыпта тікелей каль­ка­лау тәр­жі­ме­сін ұсы­н­­са,  1913 жылғы нұс­қа­сын­да: «Күн жоқ де­­генім рас емес пе?» деп қа­зақ тілі заң­ды­­­лығына мейлінше жақын­­дат­қан.

Қорыта келгенде айтарымыз: Әлихан Бөкейхан да, Лев Толстой да – табиғатында адам­затты ұлтына, дініне, тіліне, сеніміне, таны­мына, нәсіліне қарап бөлмеген, адам­зат­тың бәріне тең көзбен қараған ірі тұлғалар. Орыстың классик жазушысының ойын, ұстанымын бағалаған Әлихан оның «Сурат кофеханасы» аудармасын таңдап алып, екі мәрте көркем аударма жасауы – дана­лықтың түйіскен тұсы дер едік. Әлекең басқа бірнеше еңбегінде, естелігінде Толстой­ды ілтипатпен атайды.

Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан шы­­найы аудармашы ретінде Л.Н.Толстой­дан бөлек Ги де Мопасан, О.Уайлд, И.Тургенов, А.Чехов, Д.Мамин-Сибиряк, Н. Маркс сынды жазушылардың туын­ды­ларын орыс­шадан қазақшаға тәржі­ме­леп, Қазақ даласына жеткізді. Осылай халық дана­­лығымен айтқанда, «Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ» екенін дәлелдеп, өзі де бір­туар қайраткер, дана қаламгер дең­ге­йі­не көтерілді.

 

Әсем ӨСКЕН,

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің қауымдастырған профессоры, PhD

Соңғы жаңалықтар