Ғылым ордасында Халықаралық әйелдер күніне орай Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен ғалым әйелдерге арналған академик Нәйлә Базанова атындағы марапат табыс етілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Биыл екінші рет өтіп отырған айтулы іс-шараға еліміз өңірлерінен отандық ғылымды дамытуға айрықша үлес қосып жүрген ғалымдар қатысты.
Көрнекті ғалым, физиолог Нәйлә Базанованың есімі Орталық Азия елдеріне алғашқы әйел-академик, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымының докторы, профессор ретінде белгілі. Академик Н. Базанова атындағы марапат – Қазақстан ғылымының дамуына елеулі үлес қосып жүрген ғалым әйелдерді марапаттауға арналған құрмет белгісі. Марапат ғылым мен технологияның үздіксіз дамуын және академик зерттеулеріндегі жаңашылдықты бейнелейді.
Салтанатты жиында Президент жанындағы ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбав бүгінгі күні ғылым саласында табандылықпен еңбек етіп жүрген нәзік жандыларды көктеммен бірге келген жылулық пен сұлулық мерекесімен құттықтады.
– Еліміздің экономикалық дамуын ғылымның қатысуынсыз дамыту мүмкін емес. Осы орайда Мемлекет басшысы ғылым саласына орасан зор міндеттер жүктеп отыр. Бұл зерттеу қызметін ұйымдастыруға деген көзқарасты өзгертіп, ғылымды басқару органдарының міндеттерін нақтылауға және ғалымды өзінің зияткерлік әлеуетін толық ашуға ынталандыратын жаңа тетіктер жасауға міндеттейді. Жауапкершілігі жоғары міндетті іске асыруда ғылыми қоғамдастықтың әйелдер қауымына ерекше сенім артамыз. «Жұмақ – Ананың ізінде, шуақ – Ананың көзінде» деген тәмсілге назар аударар болсақ, нәзік жандылар білім мен ғылымның дамуына, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға сүбелі үлес қосып, ұрпақ тәрбиелеп жүр. Жыл сайын ғылымдағы әйелдер үлесі артып бүгінде көрсеткіш 12 мыңнан асады. Олардың қатарында ғылым докторларының саны – 898, ғылым кандидаттары – 2 859, PhD – 2 229 және бейіні бойынша докторлар – 185. Ғылымды дамытуға бағытталған кешенді жоспарда ғалым әйелдерге түсетін салмақ та, жауапкершілік те жоғары. Бірақ осындай күрделі міндетті іске асыруда нәзік жандылар өз ісіне деген адалдықпен ел дамуына келелі үлес қосып келеді, – деді ҰҒА президенті.
Алқалы жиын барысында Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтауын Жастар саясаты басқармасының басшысы Әзиз Қажденбек жеткізіп, ғылымды қолдауға бағытталған жобалар туралы айтып өтті. Ал ізгі лебізін арнаған ҰҒА академигі Диляра Қайдарова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Бейбітгүл Кәрімова қоғамдағы ғалым әйелдердің рөлі, жетістігіне тоқталды.
Ақмарал Әлназарова мереке қарсаңында медицина қызметкерлерін марапаттады
Салтанатты жиында Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Фаузия Оразбаева, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы республикалық ақпараттық орталық директоры, профессор Меруерт Әбусейітова, Алматы технологиялық университетінің профессоры Мариям Алимарданова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Тамара Шалахметова, Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының инженерлік сейсмология зертханасының меңгерушісі Наталья Силачева, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Закиш Түлеуханова, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының микробиология бөлімінің жетекшісі Гүл Баймаханова, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының бөлім бастығы Жанат Бисенбаева, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті департамент директоры Индира Бейшова, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің «Киберқауіпсіздік» кафедрасының меңгерушісі Еңлік Бегімбаева сынды 60-тан астам ғалым марапатталды.
Қазақтан шыққан ғалым әйелдер туралы не білеміз?
Марапат отандық ғылымдағы нәзік жандардың жетістіктерін мойындау, дәріптеу және жас ғалымдарды ынталандыру мақсатында тағайындалды. Академиктің ғылыми мұрасы жас ғалымдарға үлгі-өнеге.
АЛМАТЫ