Республикалық референдумға дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Орталық және аумақтық комиссия мүшелерін кәсіби оқытуға ел бойынша 71 030 өкіл тартылған. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов хабарлады, деп жазады Egemen.kz
Дайындық барысы каскадтық модель бойынша ұйымдастырылған. Алдымен барлық деңгейдегі комиссия мүшелері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасындағы республикалық референдум туралы» Конституциялық заңдардың негізгі нормалары бойынша кірiспе тест тапсырады, бұл олардың білім деңгейін бағалап, оқытуды мақсатты жүргізуге мүмкіндік береді.
Референдум кезінде 54 елде сайлау учаскесі жұмыс істейді
Орталық референдум комиссиясы арнайы оқу-әдістемелік материалдар, өңірлерге бейнекурс және дауыс беру рәсімдерін түсіндіретін әдістемелік құралдар топтамасын жолдаған. Оқыту аясында практикалық сабақтарға ерекше мән берілді: учаскені дайындау, қатысушылар тізімімен жұмыс, дауыс беруді өткізу және қорытынды шығару кезеңдері үлгіленіп, түрлі құқықтық әрекет нұсқалары пысықталды. Алғашқы кезеңде 31 233 учаскелік комиссия басшылығының өкілі практикалық тапсырмадан өтті.
Қазіргі уақытта үшінші кезең жүріп жатыр. Аумақтық комиссиялардың қолдауымен учаскелік комиссиялардың қалған 38 068 мүшесі дайындықтан өтіп жатыр, бұл кезеңді 13 наурызға дейін аяқтау жоспарланған.
Референдум қарсаңындағы қоғамдық көңіл күй: жаңа Конституцияға пікір қандай?
Сондай-ақ, референдумның ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету үшін Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Электоралдық оқыту орталығында арнайы онлайн-семинар ұйымдастырылды. Оған аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың және БАҚ өкілдері қатысты.
Референдумға дайындық кең ауқымда, кезең-кезеңімен және тәжірибеге негізделген форматта жүзеге асырылып жатыр. Зағип жандарға арналған жаңа Конституцияның аудио нұсқасы дауыс беру учаскелерінде қолжетімді болады, бұл барлық азаматтардың тең мүмкіндікпен қатысуына жағдай жасайды.
Референдум: Орталық комиссия Қазақстан өңірлерінің дайындығын тексерді