• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 08:15

Ербол Хамитов – Паралимпиада жүлдегері!

10 рет
көрсетілді

Италияның Милан, Кортина-д’Ампеццо қалаларында XIV қысқы Паралимпиада ойындары өтіп жатыр. Еліміздің ұлттық құрамасы парашаңғы мен парабиатлон спорт түрлерінен додаға түсіп жатыр.

Италиядағы қысқы Паралим­пиада  16 наурызда мәресіне жетеді. Милан мен Кортина қалаларында 56 елден келген 600-ден астам параспортшы 79 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр. Еліміздің үмітін ар­қ­а­­лаған жеті саңлақ:  Ербол Ха­митов, Александр Герлиц, Юрий Березин, Владислав Кобаль, Сер­гей Усольцев, Анна Грачева, Нұр­лан Әлімов бақ сынауда. Спорт­шылардың  арасында жасы кішісі  – Владислав Кобаль. 17 жас­та­ғы саңлақ парашаңғыдан жарыс жолына шығады. Тәжірибелі Сер­гей Усольцев – егде спортшы, 51 жаста.

Паралимпиаданың алтыншы күнінде қанжығамызға ал­ғаш­қы медаль байланды. Ербол Хамитов парашаңғы сайысынан 1 500 метрге классикалық спринт­те қола жүлде олжалады. Ол мә­ре­ге 2 минут 29 секундта жетті. Бұл қашықтықта Пара­лим­пиаданың алтын медалін Қытай спортшысы Лю Цзысю иеленсе, күміс медаль Бразилия парашаңғы­шы­сы Кристиан Вестемайер­ге бұйырды.

«Ел сенімін арқалап барған төрт­жылдық додасында қола медаль еншілеп, жанкүйерлерімнің үмітін ақтай алдым деп ойлаймын. Бұл медаль – ұзақ жылғы еңбектің жемісі», дейді Е.Хамитов.

Ербол параспортпен 2018 жылдан бері шұғылданады. Ол 2022–2023 жылғы қысқы маусымда парабиатлон мен парашаңғыдан әлем кубогі кезеңінде бірнеше рет жеңіске жетті. Әлем чемпионатында топ жарды. Әрі ел спортының тарихында осы спорттан жаһандық аламанның тұңғыш жеңімпазы атанды. Бұған дейін бұл меже саңлақтарымызға асу бермей келген еді. Ербол 2024–2025 жылғы маусым қорытындысында  парабиатлоннан әлем кубогінің жалпы есебінде үздік атанып, 31 жылдан кейін  мәртебелі сыйлық – Хрусталь глобусты иеленді. Енді, міне, Милан төрінде өтіп жатқан қысқы Паралимпиада аламанында жеңіс тұғырынан көрініп, көк туымызды желбіретті.

Еліміздің спортшылары қысы Паралим­пиада ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Бұған дейін 1994 жылы Лиллехаммерде (Норвегия) өткен  қысқы Паралимпиада аламанында Любовь Воробьева парашаңғыдан 10 шақырымға классикалық стильмен жүйткуде күміс медаль еншіледі. Александр Колядин 2018 жылы Пхенч­ханды (Оңтүстік Корея) дүбірге бөлеген қысқы Паралимпиада сайысында парашаңғыдан 1,5 шақырымдық спринтте чемпион атанып, алтын медаль олжалады. 2022 жылы Бейжіңде (Қытай) өткен қысқы Паралимпиада сайысында Александр Герлиц пара­биат­лоннан (10 шақырым) қола медаль еншіледі.

Соңғы жаңалықтар