Алматыда 17 жастағы колледж студентін автобус ішінде ұрып-соққан әйелді полиция іздестіріп жатыр. Зардап шеккен қыздың айтуынша, ол анасынан ұрыс естіп жатқан қызды қорғауға тырысқан кезде шабуылға ұшыраған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқиға төрт күн бұрын болған. Қазіргі уақытта Камилла Джурабаева ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның сөзінше, сабақтан үйіне қайтып келе жатқанда автобус ішінде әйелдің қызына қатты дауыс көтеріп, балағаттап жатқанын көрген. Қызды жақтап бірнеше жолаушы араласқанымен, ашуға булыққан әйел тек Камиллаға шабуыл жасаған.
Студенттің айтуынша, әйел оның жағасынан ұстап, басынан бірнеше рет ұрған. Кейін шашынан тартып, тізерлетіп қойған. Дәрігерлер оған ми шайқалуы мен бас аймағындағы гематома диагнозын қойған.
Алматыдағы жеке оңалту орталығында ерекше балаларды ұрып-соққан
Камилланың сөзінше, жанжал автобус ішінде ғана емес, аялдамада да жалғасқан. Қыз автобустан түскеннен кейін әйел соңынан еріп шығып, соққыға жығуды жалғастырған. Оқиға куәгерлері араласып, жасөспірімді қауіпсіз жерге алып кеткен.
Зардап шеккен қыздың анасы Ирина Ключникова әйелдің қызына ерекше қатыгездік танытқанын айтты. Оның айтуынша, күдікті қызды шашынан сүйреп, қолымен ұрып, тіпті тізерлеуге мәжбүрлеген.
Оқиғаға байланысты Алматы қаласы Алатау аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазір тәртіп сақшылары бейнежазбаларды зерттеп, күдіктінің жеке басын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Алматыдағы балалар ауруханасында ана мен дәрігер арасында жанжал шықты
Полиция мәліметінше, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі дәлелденсе, күдіктіге 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін.
Зардап шеккен қыздың туыстары әйелді таныған азаматтарды полицияға хабарласуға шақырды.