Қазақстан аумағында алдағы демалыс күндері күн райы құбылмалы болады. «Қазгидромет» синоптиктері маусымның 13-і мен 15-і аралығына арналған ресми болжамды жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еліміздің басым бөлігіне атмосфералық фронтальды бөліністер әсер етіп, жаңбыр мен найзағай күтіледі. Сондай-ақ алдағы күндері еліміздің бірнеше облысында жауын-шашын мөлшері нормадан асып, соңы дауылға ұласуы мүмкін.
13 және 15 маусымда Қостанай облысында, ал 15 маусым күні Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жауын-шашын күтіледі.
Ал 15 маусымда елдің оңтүстік-батысында, сондай-ақ үш күн бойы солтүстік және солтүстік-батыс өңірлерде бұршақ жауып, жел күшейеді деп болжанған.
Сонымен қатар синоптиктер бірнеше аймақта ауа температурасының күрт көтеріліп, өте ыстық болатынын болжап отыр.
Үш күн бойы (13-15 маусым) Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында, 14 және 15 маусым күндері Қарағанды, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында, 15 маусымда Атырау облысында сынап бағанасы +35…+38 градусқа дейін жетеді.
Еске сала кетейік, «Қазгидромет» ұсынған болжамға сәйкес, маусым және тамыз айлары әдеттегіден ыстық болады. Қазақстан аумағында ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болуы мүмкін. Елдің оңтүстігінде кей күндері ауа температурасы +45 градусқа дейін көтеріледі.